Ресейдегі қырғыз елшілігі Жогорку Кеңеш депутаты Айбек Осмоновтың қырғыз мигранттарын жаппай Ресейден депортациялап жатыр деген мәлімдемесін теріске шығарды.
Елшілік мәліметінше, шілде айында Ресей бойынша 18 қырғыз азаматын депортациялаған. Шетелдік азаматтарды ұстайтын уақытша орталықта 9 қырғыз мигранты отыр. Олардың сегізін таяуда үйіне қайтарады. Біреуі босқын мәртебесін алуға өтініш түсірген.
Бұдан бөлек 65 қырғыз азаматы Мәскеудің арнайы тергеу абақтысында отыр. Олар — 12 шілдеде «Кузьминки» метросында болған төбелестен кейін ұсталғандар.
Қырғыз елшілігі қамауда отырғандардың құқығын қорғау үшін қолдан келетін барлық шаралар жасалынып жатыр деп мәлімдеді.
Бүгінде Ресей аумағында бір миллионға жуық қырғызстандық тұрады.