7 сәуірде парламенттің төменгі палатасы шетелдіктерге жер сатуға және жалға беруге тыйым салуды қарастыратын заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Құжат «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» деп аталады.
Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаровтың айтуынша, жер заңнамасынан шетелдіктер, шетел азаматтары немесе шетел компанияларымен бірлескен кәсіпорындарға, азаматтығы жоқ адамдарға, қандастарға жер беру құқығын реттейтін нормалар алынады.
«Заң жобасында сонымен бірге бұдан бұрын (2016 жылдың 1 шілдесіне дейін) шетелдіктермен және шетелдік үлесі бар қазақстандық компаниялармен жалға алынған ауыл шаруашылығы жерлерінің пайдалану мерзімін ұзартылмайтындығы және олардың пайдалану мерзімі аяқталғанға дейін ғана иелікте болатыны қарастырылған» деді министр.
Оның айтуынша, шетелден Қазақстанға көшіп келген қандастар «жеке қосалқы шарушылығы, бау-бақша және саяжай құрылысы үшін жер учаскесін ала алады, Қазақстан азаматтығын алғаннан кейін ғана ауыл шаруашылығы жерін жалға алу мүмкіндігі болады».
Министрдің сөзіне қарағанда, қазір 74,4 мың гектар жерді – жеті бірлескен кәсіпорын, 18,5 мың гектар жерді шетелдік екі заңды тұлға жалға алып отыр. Аталған кәсіпорындар мен тұлғаларға жер мораторий енгізілгенге дейін жалға берілген. Жалға алу мерзімі 2022-2025 жылдары аяқталады.
2016 жылы Қазақстанда ауыл шаруашылығы жерін шетелдіктерге сату және ұзақ мерзімге жалға беруді қарастыратын даулы заң жобасына халық жаппай наразы болған соң сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаев заң жобасына бес жылға мораторий жариялаған. Оның мерзімі биыл аяқталады.
2006 жылдан бері елдегі бейбіт наразылықтарда жұрт биліктен жерді шетелдіктерге сатпауды, жалға бермеуді талап етіп келеді.
Президент Тоқаев 25 ақпанда Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің жиынында шетелдіктерге ауыл шаруашылық жерлерін жалға берілмейтінін және сатылмайтынын айтып, тез арада заң қабылдауды тапсырған. Наурыз айының ортасында заң жобасы мәжіліске түсіп, құжатты талқылау үшін мәжіліс жанынан жер комиссиясы да құрылған.
Қазақстан территориясының 37 пайызын (100 миллион гектардан астам) ауыл шаруашылық жерлері құрайды. Билік жердің бос жатпау қажеттігін, оған инвестиция тарту керектігін жиі айтады. Бірақ кейбір белсенділер елде жемқорлық өршіп тұрған шақта жер сату тәжірибесін енгізу қауіпті деп санайды.