Мәжіліс жиынында Бас прокурор мен министр бір-бірінің кемшілігін жайып салды

Мәжіліс

Билікте Қылмыстық кодекс төңірегінде дау шықты деп хабарлайды КТК арнасы.

Бүгін  Ішкі істер министрі Бас прокуратураны заңдарды шетелден тікелей көшіріп жазған  деп айыптады. Соның салдарынан соңғы екі жылда қарақшылар қылмысты бизнеске айналдырып алған және  зорлық-зомбылық көбейген.  Бас прокурор да қарап қалған жоқ. Қасымовтың қарамағындағылар  қылмыстық істің көбін  негізсіз қозғайды деп  салды.

Екі жыл бұрын ғана өзгеріс енгізіліп, қайта қабылданған Қылмыстық кодекстің шикілігі шыға бастаған. Ең сорақысы, заңның кемшілігінен елде  ұрлық-қарлықтың саны артып, кодекстің олқылығынан  қылмысты бизнеске айналдырып алғандар көбейіпті. Сондықтан бүгін еліміздегі  қылмыстық істерді тергеп, тексеруге тікелей жауапты прокурор, полицейлер мен адвокаттар Мәжіліске түгел жиналды.

Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин:

«Қазір егер ұры 1 миллионнан аспайтын ақшаны қолды қылса, ол  жәбірленушіден  кешірім сұрап, бітімгершілікке келуге  рұқсат берілген. Жазаланбаған соң ұры жұртты қайта-қайта тонай береді. Қылмыскерлер заңның дәл осы тұсын пайдаланып кетеді», — деді.

Нығматулин енді екінші рет ұрлықпен ұсталғандарға кешіріммен  қараудың қажеті жоқ деп отыр. Қолданыстағы Қылмыстық кодекске прокурорлар да наразы. Жақып Асанов заңның бес кемшілігін тізіп келіпті.

«4 ай бұрын біздің қызметкерлер 9 мыңнан астам  экономикалық қылмыстық істі тексерді. Жартысы заңсыз қозғалған. Әлі де тергеуге көңілі толмайтындар көп. Бірнеше адам басшысын жақсы жағынан сипаттаса  болды, жазадан құтылып кетеді. Үкім шығару үшін осындай дәлелдер жеткілікті ме?», — деді Қазақстанның Бас прокуроры Жақып Асанов.

Бас прокурор жанұялық жанжалдан соң таяқ жеген келіншектердің де мәселесін қозғады. Қазіргі заң бойынша, әйелдер күйеуінің сабап тастағанын  сот алдында өзі дәлелдеп, куәгер ретінде көршілерді шақыру керек. Полицейлер тұрмыстық зорлық-зомбылық көргендердің ісіне араласпайды. Әйеліне қол көтергендерді үш сағаттан артық ұсатуға да құқығы жоқ. Ал ашуы әлі басылмаған ер-азаматтар үйіне жеткен соң адам өлтіруге дейін барады екен. Қасымов Қылмыстық кодекстің мұндай олқылықтарына Бас прокуратураны кінәлады.

«Бас прокуратура қылмыстық істерге қатысты заңдарды шетелдерден тікелей көшірген. Заңдарымыз  көбіне Германиядан алынған. Қазір бір топ маман тағы да осы елге аттанбақ. Ал Германиядағы  құқыққорғау органдарының  жұмысы мүлдем басқа ғой. Бұлай біреудің тәртібін түгел көшіріп алуға  болмайды, — деді Қазақстанның Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов.

Бірақ Қасымовтың қарамағындағыларға  адвокаттар  ренжулі. Тергеушілер қорғаушылардың дәлелін елемейді де, тіпті қылмыстық істің материалдарын түгел  көрсетпейді екен.

Ішкі істер министрі бағыныштыларын  адвокаттардан да арашалап алды. Қасымовтың айтуынша, ондаған том істі  тегіс қағазға басып, шығарып беруге қаржы жоқ екен. Бүгінгі депутататр мен прокурор, полицейлер арасындағы  Қылмыстық кодекс төңірегіндегі ұзақ  айтыс-тартыстан соң, екі жыл бұрын ғана қабылданған жаңа заң қайта қаралатын болды. Ал Бас прокурор мен Ішкі Істер министрі бүгін ашық тайталасқа түспегенімен, бір-бірінің қызметіне  көңілдерінің толмайтынын анық байқатты.

Без рубрики
Комментарий (0)
Добавить комментарий