Маңғыстау облысының билігі апат болған МАЭК-тегі жөндеу жұмысы аяқталғанын хабарлады

Маңғыстау атом энергия комбинатының (МАЭК) №1 энергоблогын жөндеу жұмысы аяқталды деп хабарлады бүгін облыс әкімдігі мен кәсіпорын басшылығы. Осы аптада апат салдарынан істен шыққан энергоблок 6 шілде таңертең қайтадан іске қосылған.

«Жөндеу жұмыстары кестеге сай атқарылды, бірақ жоспарланған мерзімнен бұрын аяқталды» деп хабарлады МАЭК басшылығы. Кәсіпорындағылар жөндеу жұмыстары күндіз-түні жүргізілгенін айтады.

3 шілде күні МАЭК-тегі апат салдарынан Маңғыстау облысына қоса көрші Атырау облысында да жарық өшіп, мыңдаған адам ауыз сусыз қалды. «Атырау мұнай өңдеу зауытында» (АМӨЗ) электр қуаты өшіп, салдарынан бір мұнарада өрт шығып, ауаға қою қара түтін тарады. Кейін АМӨЗ-де де апат болып, жұмысын тоқтатуға мәжбүр болды. Қазақстанның батыс өңіріндегі бірнеше мұнай кәсіпорнында жұмыс тоқтап қалды.

Атырау мен Маңғыстау облыстарында 4 шілдеге дейін электр қуаты дұрыс берілмеді.

Энергетика министрлігі апатқа құрал-жабдықтардың әбден тозуы, кәсіпорын дұрыс қаржыландырылмайтыны себеп болғанын мойындады. Ескі құрал-жабдық, күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмейтіні, мардымсыз еңбекақы – осының бәрі жиыла келе осындай апатқа, №1 энерегоблок жұмысының тоқтауына алып келді» деген министрлік.

Үкімет МАЭК құрал-жабдықтарын жаңғырту үшін 4,9 миллиард теңге бөлу туралы шешім қабылданғанын хабарлады. «Бұл оның жұмысын тұрақтандыруға мүмкіндік береді. Әкімдік қысқа мерзім ішінде барлық өндірістік кәсіпорындардың жұмысын қалпына келтіруі керек» деген премьер-министр Әлихан Смайылов.

Бұған қоса жергілікті әкімдік резервінен МАЭК-тің әбден тозып-ескірген құрал-жабдықтарын алмастыруға 2,6 миллиард теңге бөлінді деген ақпарат тарады.

Источник

Комментарий (0)
Добавить комментарий