Ресей атынан «Евровидение-2021» ән байқауына қатысқан әнші Манижа Сангин Душанбе қаласында үлкен концерт береді. Бұл жөнінде әншінің www.manizha.art сайтында жазылған.
Осыған дейін әншінің бірнеше концерті Ресейде болмай қалған. Манижа Facebook парақшасында «Музыканы жоққа шығару мүмкін емес! Онлайн өткен «Жоққа шығарылмаған концерттен кейін» мен не болса да алға жылжуға уәде бердім. Менде үлкен жаңалық бар: мен турға барам! «Жоққа шығарылмаған турға», — деп жазды.
Манижа соғысқа қарсы ұстанымынан кейін Ресейде ән салуға тыйым салынған музыканттардың қатарына енгізілген. Бұл тізімде ДДТ, «Би-2», «Ногу свело», Земфира, Монеточка, Гречка, Дора және басқа да әншілер бар.
Манижа 24 ақпанда Инстаграм парақшасында Ресейдің Украинаға қарсы агрессиясын «бауырларын өлтіруші» деп атаған.
Манижаның Душанбедегі концерті 8 қазанда жоспарланған.
Манижа – Ресейде туып-өскен тәжік әншісі.
Ол 2020 жылдың соңынан бері БҰҰ-ның босқындар ісі жөніндегі басқармасында ерікті қызметін атқарады. Ресейдегі босқындар мен мигранттарға көмектесіп келген.