Еліміздегі ең сымбатты актерлардың бірі Тәуекел Мүсілім алғаш рет әкесімен қарым-қатынасы туралы ашық айтты. «Әкем халықтың қамын ойлаған ұлтжанды азамат болды» деген тележүргізуші соңғы рет онымен қоштасқан сәтін есіне алып, көз жасын тыя алмады деп хабарлайды Tengrinews.kz сайтының «The Эфир» бағдарламасына сілтеме жасаған NUR.KZ.
«Төртінші курс бітіретін кез, мен дипломдық жұмысқа дайындалып жаттым. Диплом қорғауға бір апта қалған кезде әкемнің інісі хабарласып: «Әкелерің ауыр халде жатыр, келіп кетіңдер»
деді. Мен әкемді әрдайым дені сау кезінде көріп үйренгенмін, сол барған кезде ол кісі обыр дертімен ауырған еді. Шымкентке барғанда ол кісіні мүлдем танымай қалдым. Бойы шөгіп қалған, ап-арық, көзім үйренбеген соң, мүлдем танымай қалдым»,- деді ол әкесімен соңғы рет көріскен сәтін есіне алып.
Бағдарлама жүргізушісінің «әкеңе айтылмай қалған сөзің бар ма?» деген сұрағын естігенде, тележүргізуші көзіне жас алып, өте қиын сұрақ қойылғанын айтты.
«Әкесіз өскеннен кейін айтылмай қалған сәттер бар. Негізі үш ай бірге болған кезде жақын араласуға тырыстым. Ананың мейірімін көрдік, әкенің мейірімін көре алмаған қиын болады. Әрине өкінбеймін, қазіргі мінезім анамның тәрбиесінің арқасы шығар. Кейде мінез жетіспей жататын кездер болады. Өнерде жүрген кезде кейбір адамдар қолданып кетеді, бәрін түсініп тұрсаң да «жоқ» деп айта алмайсың.
Сондай сәттер де қиындау, ананың қолында өскен соң жұмсақ боласың. Қазір өзім маған пайдасы тимесе, келіспеуге тырысып жүрмін. Үйленбеуімнің бір себебі де осы-қорқыныш. Өзім әкесіз өскеннен кейін, бұл ұлға да, қызға да қаншалықты қасірет екенін білемін. Ажырасып кетуден қорқамын. Баламыз болып, тіл табыса алмай қалып жатсақ, сондай бір дәрежеге жеткізгім келмейді»,-деді актер ағынан жарылып.
Сондай-ақ ол әкесінің екінші некесінен бес бауыры бар екенін айтты. Бірақ бүгінде олармен анда-санда ғана көрісіп тұратынын жеткізді. Айта кетейік, Тәуекел Мүсілім қылмыс әлемінің серкесі болған Сабыр Мүсілімнің ұлы.