Алматы облысында қазақтар мен ұйғырлар тұратын Пенжім ауылында мектеп оқушылары арасындағы кикілжің соңы ересектердің қатысуымен тәртіпсіздікке ұласқан деген ақпарат әлеуметтік желіде тарады. Облыстық полиция департаменті төбелес пен тәртіпсіздік фактісі бойынша екі іс қозғалғанын хабарлады.
«ТҮНГІ ТӘРТІПСІЗДІК»
Алматы облысы Панфилов ауданы әкімі Талғат Өмірәлиев сәрсенбі күні Пенжім ауылында болған оқиға «ұлтаралық қақтығыс емес, өзара келіспей қалған екі оқушының төбелесінен шыққан түсініспеушілік» дейді. Бұл туралы аудан әкімі 28 қазан күні Пенжім ауылына барған Азаттық тілшісіне айтты.
– Ол (жанжал) неден шықты? Розыбакиев атындағы мектепте балалар төбелесіп қалып, бір бала ауруханаға түскен. Жарақат алған, бала аман-есен. Бүгін кіріп шықтым. Бас дәрігерді көрдік. Аяқ-қолы сау, сөзі дұрыс, түнде операция жасады. Басынан жарақаттанған. Гематоманы алып тастады. Баланың өзімен сөйлескен кезде «жағдайым жақсы, бәрі дұрыс» деді. Сол үшін түнде жастар ұлттық мәселені көтеріп жиналған. Бұл жерде ұлттық мәселенің еш қатысы жоқ. Облыс әкімінің тапсырмасымен штаб құрылды, – деді Талғат Өмірәлиев.
Әкім өткен түні Пенжім ауылында полицияның көшеге топ болып жиналған жастарды тарқатқанын айтты.
Қытаймен шекарадан 15 шақырымдай жердегі Пенжім ауылдық округінде 12 мыңнан астам адам, соның ішінде 7 мыңнан аса қазақ, 5 мыңға жуық ұйғыр тұрады. Пенжім ауылында 5 мыңнан астам адам тұрады, жергілікті халық негізінен егіншілікпен айналысады деді бейсенбі күні Алматы облысы әкімінің кеңесшісі Ғалымұрат Жүкен Азаттық тілшісі.
блыстық полиция департаменті сәрсенбінің кешінде 30 шақты адам жиналып, Пенжімдегі бірнеше үй мен көліктің терезесін сындырғанын хабарлады.
«27 қазанда сағат 20:00-да 102 қызметіне Пенжім ауылында мектеп оқушылары арасындағы төбелеске қатысқандардың бірі тұратын үйдің жанына 30 шақты адам жиналғаны туралы ақпарат түсті. Топ адам бірнеше жеке тұрғын үй мен бірнеше көлік құралының терезесін сындырған. Бұл факті бойынша Қылмыстық кодекстің 293-бабы 2-бөлігі («Топтасып жасалған бұзақылық») бойынша іс қозғалды» деп жазылған полиция департаменті баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.
Бұға қоса полиция сәрсенбінің кешінде Пенжім ауылындағы жеке меншік үй өртенгені туралы хабар түскенін, ол жерге полиция өкілдері мен төтенше жағдай қызметкерлері барғанын хабарлады.
«Үй иесі әйелдің айтуынша, өртке пештегі ақау себеп болған. Сағат 23:30 кезінде өрт сөндірілді. Ешкім зардап шекпеген. Бұл өрттің болған оқиғаға қатысы жоқ» деген облыстық полиция департаменті жалған ақпарат таратқандарға қылмыстық жауапкершілік артылатынын ескерткен.
МЕКТЕПТЕГІ ТӨБЕЛЕС, ЗАРДАП ШЕККЕН ОҚУШЫ
28 қазанға қараған түні әлеуметтік желі мен мессенжерде «Пенжім ауылындағы мектеп оқушылары арасындағы жанжал» деп сипатталған видео тараған еді.
Күндіз көпқабатты мектептің ішінен түсірілгенге ұқсайтын видеода ғимарат ауласында бір топ жасөспірімнің төбелесіп жатқаны, бір сәтте әлгілердің бірі жерде сұлқ жатып қалғаны, оған өзге оқушылар мен ересек адамдардың жәрдем көрсетуге тырысып жатқаны көрінеді.
Әлеуметтік желіде «Пенжім ауылындағы жағдай» деп айтылған тағы бірнеше видеода түн мезгілінде көшеде топтасып айқайлап, әлдебір нысанаға кесек лақтырып жүрген адамдар, өртеніп жатқан ғимараттар, дабыл қосып, асығыс кетіп бара жатқан полиция көлігі көрсетілген.
28 қазанда Алматы облыстық полиция департаменті баспасөз қызметі төбелес салдарынан зардап шеккен 16 жасар жасөспірім ауруханаға жатқызылғанын, «оның жағдайы қалыпты екенін» хабарлады.
«Тексеру барысында 9-шы және 10-сыныптың екі шәкіртінің тәжікесінің арты оқушылар төбелесіне ұласқаны және оның салдарынан жасөспірімнің зардап шеккені белгілі болды. Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 106-бабының 2-бөлігі («Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтiру») бойынша қылмыстық іс тіркелді, жанжалға қатысушылардың барлығы анықталды» деп жазылған полиция таратқан ақпаратта.
Баспасөз қызметі облыстық полиция департаменті басшысы, Панфилов ауданы әкімі мен ауыл ақсақалдарының «Пенжімде жергілікті халықпен кездесіп, түсінік жұмысы жүргізілгенін» айтады.
Полиция Пенжім ауылы мен көрші елдімекендерге күзет қойған.
Бейсенбі күні Азаттық тілшілері оқиға болған Пенжім ауылына барды. Билік өкілдері ауыл тұрғындарының қатысуымен жиын өткізбек деген ақпарат тараған.