Министр ірі құбыр желісінің бұзылуы мұнай экспортының азаюына қатты әсер етпейді деп мәлімдеді

Қазақстан энергетика министрлігі «Каспий құбыр желісі консорциумындағы» құбырдың бұзылуы Қазақстан экспорттайтын мұнай көлеміне қатты әсер етпейді деп мәлімдеді.

24 наурызда Atameken Business телеарнасының тікелей эфирі кезінде Энергетика министрі Болат Ақшолақов осылай деп мәлімдеді. Оның сөзінен «Интерфакс-Қазақстан» агенттігі үзінді келтіреді.

«Экспорттың бір бөлігі объективті [себептен] қысқарады… бірақ соншалықты ірі көлемде емес… Сарапшылардың назарын мына жайтқа аударғым келеді: Қазақстанның кез келген кенішінде жоспарлы жөндеу жұмыстары болып тұрады. Айталық, Теңіз бен Қашаған, Қарашығанақ және өзге де кеніштерде 40-50 күнге созылуы мүмкін жоспарлы жөндеулер болып тұрады. Сол себепті «Каспий құбыр желісі консорциумының» инфрақұрылымын жөндеуге қажет дейтін 1-1,5 ай Қазақстан үшін соншалықты дәрежеде қауіпті емес. Өнім көлемі азаяды, бірақ технологиялық тұрғыда оған жол беруге болады деп қарастыруға болады» деді Болат Ақшолақов.

Сәрсенбі күні министр бюджет түсіміне алаңдауға негіз жоқ екенін де айтты, себебі қазіргі кезде мұнайдың бір баррелі — 120 доллардан сатылып жатыр, ал осы жылдың бюджеті мұнайдың баррелі 60 доллардан сатылады деген болжаммен есептелген.

Бір күн бұрын «Каспий құбыр желісі консорциумы» қатты дауылдан Новороссийск түбіндегі теңіз терминалындағы құбыр істен шыққан. Бұл мұнай тасымалдау көлемін азайтуға әкеледі ме деген қорқыныш туғызған.

Қазақстан энергетика министрінің айтуынша, былтыр «Каспий құбыр желісі консорциумына» мемлекет 53-54 млн тонна мұнай тиеген. Сол себепті осыншама көп мұнай көлемін басқа жаққа бұру күрделі шаруа. Бірақ балама жолдар да жоқ емес дейді ол.

«Бұл – ішінара Ақтау порты, бізде одан бөлек Самара арқылы өтетін мұнай құбыры бар. Шағын бөлігін Қытай бағыты арқылы тасымалдауға болады. Балама жолдардың нобайы осындай. Ал қалғаны ірі маршруттар, оларды қарастыруға уақыт керек. Себебі, белгілі бір техникалық шешімдерді талап етеді» деді министр.

Қазақстан үшін «Каспий құбыр консорциумы» басты мұнай тасымалдаушы. Бұл арқылы әлемдік нарыққа тәулігіне 1,2 миллион баррель мұнай шығарылады. Бұл әлемдік жеткізудің 1,2 пайызын құрайды. Қазақстаннан шыққан мұнайды Chevron, Exxon Mobil, Eni және Shell компаниялары өндіреді.

Источник

Комментарий (0)
Добавить комментарий