Минск соты Тихановскаяны сырттай 15 жылға соттады

Минск соты Беларусь оппозициясы жетекшілерінің бірі Светлана Тихановскаяны сырттай 15 жыл бостандығынан айыру жазасына кесті. Бұған қоса оған 11,7 мың АҚШ доллары көлемінде айыппұл салды. Бұл жөнінде Азаттықтың Беларусь қызметі хабарлады.

Беларусь оппозициясы құрған Үйлестіру кеңесіне қатысты сот ісі аясында осы елдің бұрынғы мәдениет министрі Павел Латушко 18 жылға, тағы үш айыпкер – Мария Мороз, Ольга Ковалькова және Сергей Дылевский 12 жылға колонияға кесілді. Тихановкая сияқты олар да шетелде тұрып жатыр.

Сот олардың барлығын «билікті басып алу мақсатында сөз байласты», «экстремистік ұйым құрды», «билікті басып алуға үндеді» және «әлеуметтік араздықты қоздырды» деген ұйғарымға келді.

Мемлекеттік айыптаушы Тихановская мен Латушконы 19 жылға, қалғандарын 12 жылға бостандығынан айыруды ұсынған.

Тихановская бұл үкім Беларусь оппозиция өкілдерінің сағын сындырмайды деп мәлімдеді. «Олар бұл «үкіммен» не айтпақ болғаны жөнінде ойланбаппын. Олар қатысса да, қатыспаса да, демократиялық күштермен бірге саяси тұтқындарды босатып, елімізді демократия жолына түсіру үшін қолдан келгеннің бәрін жасағанбыз, жасай да береміз» деді ол.

2020 жылғы 9 тамызда өткен президент сайлауында ұзақ жыл ел билеп келе жатқан Александр Лукашенкоға қарсылас болған Тихановская ресми мәлімет бойынша 10 пайыздан астам дауыс жинаған. Елде қысым күшейген соң Тихановская Литваға кетуге мәжбүр болған.

Сайлаудан кейін Беларусьте наразылық күшейгенде оппозиция өкілдері Үйлестіру кеңесін құрып, бірлесе әрекет еткен еді.

2020 жылғы тамызда өткен сайлау қорытындысы бойынша Беларусьтің Орталық сайлау комиссиясы Александр Лукашенконы жеңімпаз деп жариялаған. Тәуелсіз бақылаушылар сайлау күнінде заң көп бұрмаланғанын, топтап бюллень тастау көп болғанын айтты. Лукашенко қарсыластарының көбі сайлауда іс жүзінде Светлана Тихановская жеңді, нәтиже бұрмаланды деп санайды.

Сайлаудан соң ел аумағында жүздеген мың адам қатысқан наразылық шерулері өтті, Лукашенко режимі оларды ерекше қатыгездікпен басып тастады. Беларусь ішкі істер министрлігінің мәліметі бойынша, 2020 жылғы тамыз-қараша аралығында 13 мыңнан астам адам ұсталған.

БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі жоғары комиссары ұсталғандар азапталып, зорланғанын, көп адам түрлі деңгейде зорлық-зомбылыққа ұшырағанын айтты.

Әу баста сайлауға қатыспақ болған оппозиция саясаткері Сергей Тихановскийді «жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды», «ел ішінде өшпенділік туғызды» деп айыптап, 2021 жылы 18 жылға бостандығынан айыру жазасына кескен. Сайлауға оның әйелі Светлана Тихановская түскен.

Сайлауға кандидат ретінде тіркеле алмаған тағы бір оппозиция өкілі – Виктор Бабарико 14 жылға, оның сайлау штабының басшысы Мария Колесникова 11 жылға сотталды. Олар колонияда жазасын өтеп жатыр.

Құқық қорғау органдарының қысымына ұшыраған оппозиция өкілдерінің біразы Беларусьтен көшіп кетуге мәжбүр болды.

Светлана Тихановкая Батыс елдерін аралап, Беларусьтегі демократия, адам құқықтары туралы жиі баяндама жасайды. Қазір ол Лондонда Ұлыбритания парламентінің депутаттарымен кездесіп жүр.

Источник

Комментарий (0)
Добавить комментарий