Минскіде оппозициялық телеграм-каналға жазылушыларды түрмеге отырғызбақ

Беларусь ішкі істер министрлігі (ІІМ) өлкеде экстремистік деп танылған телеграм-каналдарға және чаттарға жазылған азаматтарды қылмыстық жауапкершілікке тартуға ниеттеніп жатыр.

Мәліметке қарағанда, мұндай каналдардың тіркелушілерін жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылып жатыр.

ІІМ Қылмыстық топтарға және коррупцияға қарсы күрес басқармасының телеграм-каналындағы мәлімдеге сәйкес, бұл шара беларусь үкіметінің «Экстремизмге қарсы шаралар туралы» 12 қазанда қабылданған бұйрыққа байланысты болмақ.

Биыл ақпан айында экстремистік деп танылған чаттар мен каналдарға тіркелу әкімшілік құқық бұзушылық болып есептелетінін ескертіп, жазылушыларға айыппұл сала бастаған.

Беларусьта экстремистік деп танылған телеграм-каналдардың тізімінде оппозициялық ақпарат құралдары да бар.

2020 жылы қазанда Минск қалалық соты 990 мың тіркелушісі бар NEXTA телеграм-каналын экстремистік деп тапқан. Биыл тамыз айында осындай шешім Tut.by жаңалықтар порталы мен Zerkalo.io басылымына қарата қабылданған.

Беларусь билігі 2020 жылы тамызда өткен президент сайлауынан кейін наразылық акциялардан соң оппозиция өкілдерін және олардың жақтастарын қуғындап келеді. Онда сайлау нәтижесі бойынша өлке президенті Александр Лукашенко жеңіске жетті деп жарияланған. Митингке шыққан мыңдаған адамға қылмыстық іс қозғалды. Он мыңдаған адам өлкеден қашып кетуге мәжбүр болған. Құқық қорғаушылар сотталған 805 адамды саяси тұтқын деп тапқан.

Источник

Комментарий (0)
Добавить комментарий