Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев 23 наурызда экономика тұрақтылығына арналған жиналыс өткізіп, үкіметке ішкі нарықтағы бағалы бақылауды тапсырды.
Президенттің баспасөз қызметінің хабарлауынша, үкіметке бағаны бақылау ғана емес, азық-түлік импорттайтын кәсіпкерлерге көмектесу тапсырылған.
Жиналыста Мирзияев үкіметтің басты міндеті — инфляцияны түсіру екенін айтты.
«Ішкі валюта нарығындағы жағдайды күнде бақылап, кәсіпкерлер мен тұрғындарға қалыптасқан жағдай, өзгерістер туралы үнемі хабар беріп отыру керек», — делінген мемлекет басшысының баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.
Ташкенттің экономикадағы басты әріптестерінің бірі Ресей әскері Украинаға басып кіргелі бері Өзбекстанға азық-түлік жеткізу жағы қиындады. Республикада баға көтеріліп, ұлттық валюта құнсыздана бастады.