Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев Конституцияға Қарақалпақстан егемендігіне қатысты өзгерту енгізуге қарсы наразылықты «шетелдегі арам күштер ұзақ жылдар бойы ұйымдастырған» деп сипаттады.
Бірақ мемлекет басшысы нақты қай ел екенін айтпады.
Президенттің айтуынша, олар «Өзбекстан аумағының тұтастығын бұзып, ұлтаралық жанжал туғызуды көздеген». Нөкістегі оқиғаны зерттеуге қоғам өкілдері мен белсенділері де қатысады, дейді Мирзияев.
Бұның алдында Еуроодақ, Amnesty International, АҚШ және БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңесі ресми Ташкентті Қарақалпақстандағы оқиғаны әділ тергеуге шақырған. Ресми мәлімет бойынша, Нөкістегі наразылық кезінде 18 адам қаза болды.
Мирзияев елдің Бас прокуратурасына «әрбір істі тиянақты әрі әділ тексеріп, әділетті баға беруін» тапсырған.
«Күш құрылымдарының әрекеттері де тиянақты түрде сарапталуы тиіс. Шамадан тыс күш қолданған болса, олар да қылмыстық жауапқа тартылуы керек», — деп мәлімдеді Мирзияев. Оның мәлімдемесін мемлекет басшысының баспасөз қызметі таратты.