Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев билікте қалу мерзімін 2040 жылға дейін созған референдумның ертесіне Германияға сапар шекті.
2 мамырда Берлинге келген Өзбекстан президентін ГФР канцлері Олаф Шольц қабылдады. Неміс канцлерінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, келіссөздер барысында екіжақты қарым-қатынас қана емес, сыртқы саясатқа, аймақтағы жағдай мен қауіпсіздікке қатысты мәселелер де талқыланды.
Өзбек жағының мәліметінше, жабық өткен екі сағаттық келіссөздер кезінде Олаф Шольц Өзбекстанның Орталық Азияда достық пен өзара сенімге негізделген, аймақтағы интеграцияны тереңдетуді көздейтін жаңа аймақтық саясатын қолдады.
Германияның Өзбекстан экономикасына құйған инвестициясы 5,5 миллиард долларға жеткен, соның 4 миллиарды кейінгі бірнеше жылда тартылған.
Шольцпен кездесу қарсаңында өзбек белсенділерінің тобы Германия канцлерінің Берлиндегі кеңсесі алдында наразылық акциясын өткізіп, президент Шавкат Мирзияев саясатын сынады. Белсенділердің айтуынша, Мирзиев президенттік екі мерзімінде де реформаларға қатысты уәдесінде тұрған жоқ, елдің экономикалық және әлеуметтік жағдайы нашарлап барады, ал билікті сынайтын белсенділерге қысым күшейе түсті.
Алайда президент Мирзияев неміс канцлері кеңсесіне жеткен уақытта сол маңда тағы бір өзбек тобы пайда болып, олар сыншыл белсенділердің үнін басуға тырысты.
Өзбек президентін сынаушылар «Мирзияев — диктатор», «Мирзияев — Путин» деп ұрандатқан уақытта Өзбекстан туын көтергендер өзбек билігін қолдайтын ұрандар тастап, басқа да белсенділердің үнін шығармауға талпынған.
Мирзияев жақтастары Азаттықтың Өзбек қызметіне сұқбат беруден бас тартты. Олар диалогқа үндеген сыншыл топтың ұсынысын да қабылдамады.
Шавкат Мирзияевпен бірге Германияға әйелі Зироатхон Мирзияева мен үлкен қызы Саида Мирзияева, сонымен бірге президент отбасының басқа да мүшелері барды. Саида әкесінің қарамағында — президент әкімшілігінде істейді.
Шавкат Мирзияевтің Берлиндегі сапары басталардан бір күн бұрын Өзбекстанда керағар конституциялық референдум өткен. Өзбекстанның жаңа конституциясы Мирзияевқа билікте тағы 17 жылға қалуға мүмкіндік береді.
3 мамырда Шавкат Мирзияев Германия президенті Франк Вальтер Штайнмайермен кездеседі. Түстен кейін Берлиндегі Жаңа мұражайда (Neues Museum) «Өзбекстанның археологиялық жәдігерлері» көрмесі ашылады.