Сарбаздар. Фото: ras.kz
Бұған дейін АҚШ-тың теңіз жаяу әскерлері дене күші дайындығы жағынан ешкімді алдына салмайды деп есептеліп келген болатын. Америкада осы жағын жетілдіру үшін теңіз жаяу әскерлері корпусының жауынгерлерін шынықтырудың Marine Corps Martial Arts Program деп аталатын арнайы бағдарламасы да бар
Алайда, іс жүзінде моңғолдың қатардағы жауынгерлері олардан әлдеқайда күшті де төзімді екен. Мұны бұл елдің Ауғанстанда бітімгерлік мақсатпен қызмет етіп жатқан сарбаздары көрсетіп берді. Олар тіпті осындағы басқа елдер контигентіндегі әскери қызметкерлердің бәрінен әлдеқайда артық екендерін айқын танытты.
Айта кетейік, Ауғанстанда жыл сайынғы кезекті сайыс өтті. Онда әр елдің сарбаздары ең алдымен өздерінің дене күші дайындығы мен төзімділіктерінің деңгейі жөнінде сынға түсті. Әр команда екі солдаттан құралды. Осылайша әр контингент 9 командадан шығарды. Жарысқа қатысушылар алдымен 5 шақырымға жүгіру, сосын турникке 60 мәрте тартылу, артынша 230 рет қолмен жерден көтерілу сынақтарын атқарды.
Нәтижесінде моңғол әскерлері тарапынан жарыс жолына шыққан 9 команда түгел алғашқы ондыққа кірді. Олар 8-орынды ғана АҚШ-тың жаяу теңіз әскерлері құрамынан сайысқа түскен дуэтке берді. Ал қалған контингенттердің командалары тіпті көмбеге де жете алмады.
Осыған байланысты америкалық жаяу теңіз әскерлері сарбаздарының бірі «Твиттерге»: «Моңғолдар! Сендер жасай алдыңдар! Ғаламат!», деп жазған екен.