«Нұр Отан» партиясы «Аманат» болып өзгерді. Саяси кеңес құрамына төрт адам қосылды

1 наурызда «Нұр Отан» партиясының кезектен тыс съезінде партияның саяси кеңес құрамы өзгертілді.

Оған премьер-министр Әлихан Смайылов, президент әкімшілігінің жетекшісі Мұрат Нұртілеу, «Астана» медициналық университетінің ректоры Камалжан Нәдіров, «Қазақ тілі қоғамының» вице-президенті Максим Рожин енді.

Саяси кеңес құрамынан Павлодар мұнай-химия зауытының бұрынғы бас директоры Оспанбек Әлсейітов пен мәжілістің бұрынғы спикері Нұрлан Нығматулин шығарылған. Бұған дейін ақпарат құралдары Әлсейітовтің тергеліп жатқанын хабарлаған.

Съезде бұған қоса, партияның атын «Аманат» деп атау туралы ұсыныс айтылды. Мұндай ұсынысты мәжіліс спикері Ерлан Қошанов жасады.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл ұсынысты қолдады.

«Бұл еліміз үшін де, ұлтымыз үшін де айрықша мәні бар киелі ұғым. Егемендігіміз, елдігіміз бен бірлігіміз, кең байтақ жеріміз бізге бабалардан жеткен аманат. Осы қастерлі құндылықтарымызды көздің қарашығындай сақтап, болашаққа мирас етуіміз керек…Халқымыз ешқашан аманатқа қиянат жасамаған» деді Тоқаев.

Ол партиядағы қағазбастылықты, бюрократияны сынап, одан бас тарту қажеттігін айтты. Мәжіліс пен мәслихаттағы фракцияларды әрекетін белсенді ету қажеттігін алға тартқан Тоқаев «қоғамдық талқылау, әлеуметтік желі мен қалалық алаңдардағы фокусты парламентке бұрған дұрыс» деді.

Съезд соңында партия мүшелері саяси ұйымның атын «Аманат» болып өзгерту туралы ұсынысқа дауыс беріп, бір ауыздан қолдады.

Съезд онлайн өтті. Шарадан тікелей эфирде трансляция жасалмады.

Қаңтар оқиғасынан кейін кейін елде басқарушы «Нұр Отан» партиясына сын күшейген. Демалыс күндері өткен митингіде кейбір белсенділер биліктің жаңа саяси күштерге тіркелуге мүмкіндік бермей отырғанын айтып, билік екі ай ішінде саяси реформаны бастамаса, қаңтар оқиғасы қайталануы мүмкін екенін ескерткен.

Қаңтар оқиғасынан кейін өткен «Нұр Отанның» саяси кеңес құрамы мен саяси бюро мүшелері ауысқан. 28 қаңтарда «Нұр Отан» партиясының съезінде президент Қасым-Жомарт Тоқаев партия төрағасы болып сайланып, партияның жұмысын түбегейлі өзгерту қажеттігін алға тартқан еді.

Көптеген сарапшылар Назарбаевтың билігі әлсіреп, Тоқаевтың ықпалы күшейгенмен елде ірі саяси оң өзгерістер болады дегенге күмәнмен қарайды.

Источник

Комментарий (0)
Добавить комментарий