Нұр-Сұлтанда бір топ журналист толық декрет төлемін талап етті (видео)

27 желтоқсанда Нұр-Сұлтанда Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне декрет демалысына шығып, тиісті әлеуметтік төлем ала алмаған бірнеше журналист әйел келді. Олар Nur Media холдингінде жұмыс істейді.

Журналистер жексенбіде әлеуметтік желіде өздерінің декрет төлемдерін талап етіп митингіге шығатынын жариялаған еді. Дүйсенбі күні оларды министрліктің бірнеше өкілі есік алдынан күтіп алды. Министрлікке келгендердің қатарында республикалық «Литер» газетінің журналистері Айша Жданова, Мадина Рыспаева және Aiqyn газетінің журналисі Жадыра Аққайыр бар.

Олардың сөзінше, республика бойынша декреттік ақыларын ала алмай жүрген 25 шақты адам бар. Оның сегізі – Aiqyn және «Литер» газетінің қызметкері.

– Былтыр пандемия кезінде баспасөз қызметкерлері әлеуметтік төлемдер мен басқа да салық түрлерінен босатылған еді. Біз декреттік ақшамызды алуға арыз жазғанда тиісті төлемнің 700 мың теңгеден 300 мың теңгеге дейін қысқартылғанын көрдік. Кіріс министрлігіне (Қаржы министрлігінің мемлекеттік кірістер комитеті – ред.), Экономика, Еңбек министрлігіне шағымдандық. Бұл ведомствалардан аталған төлемді талап етуге құқымыз жоқтығы туралы жауаптар алдық, – дейді Айша Жданова.

Оның айтуынша, биыл тамызда Алматыда Informburo.kz ақпараттық порталының журналисі Жанар Хабдулхапар жалғыз адамдық пикетке шығып, декрет төлемін толық төлеуді талап еткеннен кейін ақпарат министрлігі арыздарына көңіл аудара бастаған. Министр Аида Балаева бұл мәселенің жуырда шешілетінін айтқанымен, кейін 21 желтоқсанда кешірім сұрап, проблеманың келесі жылға қалғанын айтқан. Осыны көлденең тартқан журналистер министрлік мәселені «сөзбұйдаға салып отыр, келесі жыл деп ұмыттырғысы келеді» деп ренжіді.

– Декрет демалысым кезінде күйеуім жұмыссыз қалды. Менде жұмыс болған жоқ. Біз сонда не істеуіміз керек? Бізді тағдырдың тәлкегіне салып қойды, – деді көзіне жас алған Мәдина Рыспаева.

Олар «декрет төлемі қашан толық төленеді және бала күтіміне байланысты ақшаға қол жеткізу үшін өз қалталарынан салық төлегендердің жұмсаған қаражаты қайта ма?» деген сауалдарға нақты жауап беруді талап етті.

Журналистермен кездесуге Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі жанындағы ақпарат комитеті төрағасының орынбасары Қуанышбек Жұмашев пен министрліктің мемлекеттік саясат департаментінің директоры Зарина Баянова келді. Олардың «министрлікке жеткіземіз, мәжілісте заң қабылдануы тиіс, біздің құзырымыздағы мәселе емес, уақыт керек» деген жауаптары жиналған журналистердің наразылығын үдете түсті.

– Біз бұл мәселені қалай шешу керектігін білеміз. Бірақ бұл басқа да министрліктерге қатысты, оны тек біз шешпейміз, – деді Қуанышбек Жұмашев.

Пандемия кезінде журналистердің декреттік төлемдерін толық ала алмағандары туралы дау жазда басталған. Тамызда Informburo.kz ақпараттық порталының журналисі Жанар Хабдулхабар Алматы қаласы әкімдігінің алдында орыс тілінде жазылған «Ақшамды қайтарыңдар!» деген плакатпен жалғыз адамдық пикет өткізген.

NUR Media холдингі 2008 жылы құрылған. Оның құрылтайшылары — «Самұрық -Қазына» әл-ауқат қоры мен Nur Otan партиясы. Холдинг құрамында «Астана» телеарнасы, Aiqyn, «Литер», Tύrkistan» «Қазақстан теміржолшысы» газеттері және NS, Orda FM радиолары бар. Онда 400 журналист пен қызметкер жұмыс істейді.

Источник

Комментарий (0)
Добавить комментарий