Нұр-Сұлтанда LRT құрылысын аяқтау үшін 577 млн доллар керек

Нұр-Сұлтан қаласы әкімі Алтай Күлгінов LRT құрылысын аяқтау үшін 577 млн доллар керек деп мәлімдеді.

«Қытай тарабы егер біз үздіксіз қаржыландырып отырсақ, екі жыл көлемінде құрылысты аяқтап, пайдалануға беретінін айтып отыр», — дейді астана әкімі.

Қазір қаржыландыру болмағандықтан, құрылыс та тоқтап қалған. Осыған дейін бұл құрылысқа миллиард доллар ақша жұмсалған.

Қытай компаниясына берешек 116 млн доллар қарыз жабылған. «270 млн доллар ақша жоғалып кетті, бұл іс бойынша тергеу жүріп жатыр», — деді әкім.

LRT ұзындығы 24 шақырым. Егер құрылыс толық аяқталатын болса, жыл сайын оны қамтамасыз ету үшін үш млрд теңге керек болады екен. Күлгіновтің сөзінше, жеңіл рельсті көлік күніне 25–30 мың адамға қызмет ететін болады.

2021 жылы City Transportation Systems (бұрынғы «Астана LRT») компаниясы құрылысты аяқтау үшін үкімет кепіл болып, 1,08 млрд доллар қарыз алатынын мәлімдеген. Астана билігі CTSystems ақшасы салық төлеушілер есебінен қайтарылады деген.

Бұл жоба 2017 жылы Қытай инвестициясын тартқаннан бері дауға айналып келеді. Әуежайдан темір жол вокзалына жалғайтын жеңіл рельсті көлік құрылысын салу о баста есеп комитетінің күмәнін туғызған. Мекеме құрылысқа бөлінген қомақты қаражат өзін-өзі ақтамайды деген. Бұл жоба сонымен бірге үлкен коррупциялық дауға да айналды. Былтыр мамыр айында аталған компанияға қатысы бар шенеуніктер жеті жылдан он жылға дейін сотталған. Бірақ кейін оларға қатысты сот үкімінің күші жойылды.

Источник

Комментарий (0)
Добавить комментарий