Нөкіс оқиғасына байланысты үш офицер ұсталды

Қарақалпақстанда құқық қорғау органдары қызметкерлерінің заңсыз әрекеттеріне байланысты қозғалған қылмыстық іс аясында үш офицер ұсталды.

Бас прокуратураның хабарлауынша, қылмыстық істерге қатысты тергеу жүріп жатыр.

«Тергеу нәтижесі бойынша қылмыстық істер сотқа жолданады», — деп жазылған мекеме таратқан мәліметте.

Бұған дейін хабарланғандай, Өзбекстан парламентінің Нөкістегі оқиғаны зерттеуге қатысты құрған тәуелсіз комиссиясы Бас прокуратураға Қарақалпақстандағы оқиғаларға байланысты қоғамды алаңдататын бірнеше сауал жолдаған.

Комиссия үндеуінде «Өз міндетін орындаудан ауытқып, жаппай тәртіпсіздік пен кінәлілерді ұстау кезінде шамадан тыс күш қолданған құқық қорғау органдарының қызметкерлері қылмыстық жауапқа тартыла ма?» деген сауал болған.

Бұл сұраққа Бас прокуратура өкілі милиция қызметкерлерінің қару мен арнайы құралдар қолдануы бөлек қылмыстық іс аясында қаралып жатыр деп мәлімдеген. Негізсіз күш қолданылғаны дәлелденсе, онда іс ашық сотта қаралады.

Бұның алдында АҚШ, Еуроодақ, БҰҰ және басқа да халықаралық адам құқықтарын қорғау ұйымдары Өзбекстан билігіне Қарақалпақстандағы оқиғаны ашық әрі әділ тергеуге кеңес берген.

Нөкіс оқиғасы бойынша алғашқы сот процесі 31 қаңтарда Бұхарада аяқталып, үкім жарияланды. Басты күдікті саналған Дәулетмұрат Тәжімұратов 16 жылға сотталды, қалған 17 адам 3 жылдан 8,5 жыл аралығында жаза алды, ал төрт адам сот залында босатылды.

Ресми мәлімет бойынша, былтыр шілдеде болған Нөкіс оқиғасы кезінде 21 адам қаза болып, 243 адам жараланды. Көтеріліс күшпен басылды, бірақ өзбек билігі ереуілге шыққандарға оқ атылды дегенді жоққа шығарып отыр.

Источник

Комментарий (0)
Добавить комментарий