Нөкіс оқиғасынан соң Ақтөбеде қамалған қарақалпақ белсендісінің пана іздеуші куәлігінің мерзімі ұзартылды

Былтыр Қарақалпақстандағы оқиғадан соң Қазақстанның батысында қамалған қарақалпақ белсендісі Тілеубике Юлдашеваға берілген пана іздеуші куәлігінің мерзімі ұзартылды.

Ақтөбе облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы қамауда отырған қарақалпақ белсендісі Тілеубике Юлдашеваға былтыр желтоқсанда берілген «Қазақстаннан пана іздеуші куәлігінің» мерзімін тағы үш айға ұзартты. Бүл туралы шешім кеше 3 наурыз күні қабылданған. Юлдашеваға берілген куәлік 2023 жылғы 3 маусымға дейін жарамды. Бұл туралы Азаттыққа басқармадағылар хабарлады.

«Ақтөбенің тергеу изоляторындағы Тілеубике Юлдашеваға босқын статусы беріле ме деп үміттеніп едік. Бірақ жұма күні пана іздеуші куәлігінің жарамдылық мерзімі маусым айына дейін ұзартылды. Қазақстан заңдарына сәйкес, мұндай куәлігі бар адамды экстрадициялауға болмайды. Әзірше осының өзі көңілге демеу» деді Қазақстандағы адам құқықтары мен заңдылықтарды сақтау жөніндегі халықаралық бюроның Ақтөбе филиалының жетекшісі Ирина Гольцварт.

Ақтөбе облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Әнуарбек Қонжардың сөзінше, куәлік мерзімін ұзарту мәселесін бірнеше мемлекеттік мекеме өкілінен құралған құзырлы комиссия шешеді.

«Ол комиссияның құрамында ұлттық қауіпсіздік комитеті, ішкі саясат, көші-қон басқармасы, білім мен денсаулық сақтау саласының өкілдері бар. Комиссия бірауыздан Тілеубике Юлдашеваға осыдан үш ай бұрын берілген «Қазақстаннан пана іздеуші куәлігінің» мерзімі ұзартылсын деп шешті» дейді Әнуарбек Қонжар.

Жиынға Тілеубике Юлдашеваның адвокаты Расиля Өтегенова да қатысқан.

Қарақалпақ белсендісі Тілеубике Юлдашева 2022 жылғы 13 қарашада Қазақстанның Ақтөбе облысы мен Ресейдің Орынбор облысы шекарасындағы «Жайсаң» бекетінде ұсталған. Қазақстан шекарашылары Юлдашеваны «сізге халықаралық іздеу жарияланған» деп, Ресейге өткізбей қойған. Кейін сот оны 40 күнге қамау туралы шешім шығарды.

Бұған дейін елде қарақалпақтың төрт белсендісі – Қошқарбай Төремұратов, Жангелді Жақсымбетов, Раиса Құдайбергенова мен Зиуар Мирманбетова ұсталған еді.

«Бұл азаматтардың басым көпшілігінен өзбек билігі шілде айының басындағы Қарақалпақстан оқиғасынан кейін «конституциялық құрылысқа нұқсан келтірмек болды» деп күдіктеніп отыр » деген еді Азаттыққа Адам құқықтары мен заңдылықтарды сақтау жөніндегі Қазақстан халықаралық бюросының өкілі Гүлмира Қуатбекова.

Халықаралық бюро өкілінің хабарлауынша, Тілеубике Юлдашева 2020 жылғы қаңтар айынан бері Қазақстанда тұрып жатқан. Өз елінде саяси себеппен қудаланудан қауіптенгендіктен, Қазақстаннан пана сұраған. Бюро қарақалпақ белсендісіне жан-жақты құқықтық қолдау көрсетілетінін хабарлады.

Ақпаратқа қарағанда, құқық қорғаушы Тілеубике Юлдашева Қарақалпақстанда 2013-2014 жылдары қоғам белсендісі ретінде көзге түсе бастаған. «Өзбек билігінің қысымына қарамаcтан», Қарақалпақстанның тәуелсіздігін талап еткен акцияларды белсенді түрде қолдаған. Өзбек билігінен қысым көрген қарақалпақ белсенділерінің құқығын қорғаған.

Осыған дейін Қазақстанда қарақалпақ белсенділерінің ұсталуына алаңдаған халықаралық Human Rights Watch адам құқығын қорғау ұйымы Қазақстанды қарақалпақ белсенділерін Өзбекстанға бермеуге үндеген. Ұйым Қазақстан билігіне халықаралық қауымдастық алдында алған міндеттемелерін еске салып, халықаралық құқыққа сәйкес, кез келген адамды елінде қауіп күтіп тұрса, күшпен қайтаруға болмайтынын ескерткен.

Источник

Комментарий (0)
Добавить комментарий