Ош облысының Дыйкан-Кыштак ауылының тұрғындары үйлерінің сүрілуіне наразылық білдірді. Олар датын айтып, Бішкекке дейін жаяу бармақшы.
Жолға шыққандардың бірі Кыял Арстанов қазір Жалал-Абад облысының Созақ ауданына жетіп қалдық деп хабарлады.
«Жоғары билікке біздің үніміз жетпейді. Біз мемлекет басшысы Садыр Жапаров пен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшысы Камчыбек Ташиевке барып, жағдайымызды айтқымыз келеді», — деді Арстанов.
Бішкекке 12 отбасының мүшелері жолға шыққан. Олардың жартысы орта жолда кері қайтуды шешкен. Қазір 5 адам Бішкекке қарай жаяу жол тартқан.
Дыйкан-Кыштак пен Қорған ауылдары құжат бойынша Кара-Сууй ауданына жатады. Толойкон ауылы әкімінің өкілі Зулпукара Мазаевтың сөзінше, даулы жер ауыл шаруашылығы мақсатына арналған. Ол жерлерге үй салуға болмайды. 28 қыркүйекте сот орындаушылары учаскеге салынған үйлерді сүре бастаған.