НАТО бас хатшысы Йенс Столтенберг
НАТО-ға мүше елдердің арасында Украинадағы соғыс кезінде Ресеймен қарым-қатынасты қалай құру керектігі жағынан келіспеушілік туындады. Бұл жөнінде The New York Times басылымы батыс елдеріндегі жоғары лауазымды шенеуніктің сөзіне сілтеме жасап жазды.
Сұқбат берушінің пікірінше, НАТО жанжал ұзаққа созылуы мүмкін әрі салдары ауыр болады деп болжайды.
Балтық елдері мен Польша Мәскеумен қарым-қатынасты толық тоқтатып, «Ресейді тізе бүктіретін жағдайға» әкелуі керек деп санайды. Ал Ресейге шамалы «іші бұратындар» қатаң санкциядан қорқады, бұл Еуропаның қауіпсіздігіне қауіп төндіруі мүмкін дейді.
Франция, Германия және Түркия Ресей армиясы әскери қылмыс жасады деп айыптаса да, Владимир Путинмен байланысты жалғастыра бергенді қалайды.
Брюссельде НАТО-ға мүше елдердің сыртқы істер министрлерінің кездесуі өтіп жатыр. Ұлыбритания сыртқы істер министрі Лиз Трасс Солтүстік атлантикалық одақ Ресеймен әріптестігін қайта қарауы шарт, қазіргі Ресей – НАТО келісімі «өлді» деп мәлімдеген.
Осының алдында НАТО Ресей армиясы Украинаға жаңа шабуылға дайындалып жатыр деп болжаған. «Киевтен әскерін алып кетуі, кері шегініс емес, қайта топтасып, жаңа шабуылға дайындалуы», — деп мәлімдеген ұйымның бас хатшысы Йенс Столтенберг. НАТО мәліметінше, Ресей Донбасты толық басып алып, аннексияланған Қырым арасында дәліз орнатпақшы.
Наурыз айының соңында Мәскеу Киев пен Черниговтағы армиясын қысқартып, Донецк және Луганск облыстарын толық бақылауға алуға басымдық береміз деген.