Назарбаев қоғам бірлігін нығайтуға шақырды

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев парламент палаталарының біріккен отырысында сөйлеп, «халықтың әл-ауқатын көтеру үшін» «бес әлеуметтік бастама» ұсынды.

Біріккен отырыстың ашылуында сөйлеген Назарбаев 1 наурыз – алғыс айту күні атап өтілгенін айтты. Халыққа өзін «бірнеше рет сайлағанына» алғыс білдірген Назарбаев дамуды бұдан ары жалғастыру үшін жаңа әлеуметтік бастамаларын ұсынды.

Назарбаев бірінші бастама ретінде қазақстандық әр отбасының баспанаға қолжетімділігін қамтамасыз ету қажетін айтты. Оның сөзінше, бұл үшін үй алу кезінде азаматтарға берілетін несие пайызын 7 пайызға дейін, алдын ала төлемді 20 пайызға дейін азайтып, ал несиені өтеу мерзімін 25 жылға дейін ұзарту керек.

«Екіншіден, салыстырмалы түрде төмен жалақы алатын жұмысшылардың табысын молайту үшін салық жүктемесін он есеге азайтып, 1 пайызға түсіру керек. Бұл бастаманы 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап іске асыруды ұсынамын» деді президент.

Назарбаев бұған қоса үшінші бастама ретінде жоғары білімге қолжетімділікті арттыру және оның сапасын көтеру қажетін айтты. «2018-2019 жылдары әр жылға қосымша 20 мың грант бөлуді ұсынамын. Колледждер мен университеттер 2022 жылға дейін жекеменшік-мемлекеттік серіктестік негізінде кемінде 25 мың орындық жатақхана салуы керек» деді Қазақстан президенті.

Президенттің төртінші бастамасы шағын және орта бизнеске дем беріп, жаңадан бизнес бастағандарға қолдау көрсету үшін жеңілдетілген шағын несие көлемі туралы болды. Ол 2018 жылы жеңілдетілген шағын несие көлемін арттыру үшін қосымша 20 миллиард теңге бөлу керегін айтты.

Бесінші бастама деп Назарбаев Қазақстанның орталық және солтүстік аймақтарына газ тарту керегін айтты. Қазақстанның оңтүстік және батыс өңірлеріне ғана газ тартылғанын айтқан президент орталық және солтүстік облыстарға бір жарым жыл көлемінде газ тарту міндетін қойды.

centralasian.org

Без рубрики
Комментарий (0)
Добавить комментарий