16 қаңтарда Вашингтонға үшкүндік ресми сапармен барған Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ президенті Дональд Трамппен кездесті. Назарбаев соңғы рет Ақ үйде ресми сапармен 2006 жылы болған.
Президент Трамп Қазақстанды аймақтық қауіпсіздікте маңызды әріптес болып саналатынын атап өтіп, Ауғанстандағы терроризммен күресте көмегі үшін алғысын білдірді.
Президент Назарбаев сөзінде Трампты президенттіктегі бір жылымен құттықтап, АҚШ пен Ресей арасындағы саяси қарым-қатынасқа алаңдайтынын жеткізіп, «нөлге түсіп кетті» деді. Назарбаев сонымен бірге елінде америкалық ірі мұнай компанияларының жұмыс істейтінін атап өтті.
Түскі ас алдында баспасөзге берген қысқаша сұхбатында Назарбаев «Қазақстан Американың біздің тәуелсіздігіміз бен территориалдық тұтастығымызды қолдауын жоғары бағалайды» деді. Ол мұның не үшін айтып отырғанын ашық айтпады. Бірақ Қазақстан Ресейдің бұрынғы советтік республикаларға қатысты саясатына, әсіресе, Мәскеу 2014 жылдың наурызында Қырым түбегін басып алғаннан кейін, Украина шығысында болып жатқан жанжалдан кейін қатты алаңдаған болатын.
Назарбаев америкалық компаниялармен құны 7,5 миллиард АҚШ доллары болатын 20-дан астам келісімге қол қойылатынын жеткізді.
Қазақстан президенті сонымен бірге Астана «Боингтер» мен «Дженерал Электриктен» 900 электровоз алуды көздейтінін де айтты. Ол АҚШ азаматтарына визасыз режим енгізуіне жауап ретінде, Америка Қазақстанмен тікелей әуе байланысын орнатады деген үмітін жеткізді.