Назарбаевтың кіші қызымен байланысы бар делінген жеке компанияға бес жылда 692 млрд теңге қаражат түскен

12 қаңтар күнгі үкімет отырысы кезінде Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев утилизация алымын жинайтын «Оператор РОП» компаниясына кейінгі бес жылда 691,9 млрд теңге қаражат түскенін айтты. Оның айтуынша, түскен қаржы «заңға сәйкес жұмсалған».

– 2016 жылдан бүгінгі күнге дейінгі кезеңде кәдеге жарату түрінде түскен төлем көлемі 691,9 млрд теңгені құрады. Алынған қаражат Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңына сәйкес жұмсалды. Атап айтқанда, отандық автокөлік өндірушілерге – 338,9 млрд теңге мөлшерінде кәдеге жарату түріндегі бұрын төлеген қаражаттары қайтарылды. Экологиялық мәселелерді шешуге 102 млрд теңге және салықтарға 49,1 млрд теңге жұмсалды. Бүгінгі таңда қаражат қалдығы – екінші деңгейлі банктерде 220,6 млрд теңгені құрайды, – деді министр.

Бір күн бұрын президент Қасым-Жомарт Тоқаев утилизация алымын жинаумен жеке компания емес, мемлекеттік орган айналуы тиіс деп мәлімдеп, аталған компанияны жабуды тапсырған. «Оператор РОП» компаниясының бірінші президент Нұрсұлтан Назарбаевтың кіші қызы Әлия Назарбаевамен байланысы бар деп айтылады.

Серікқали Брекешевтің айтуынша, үкімет утилизация алымын жинайтын оператор құрудың екі жолын қарастырып жатыр: алымды жинаумен жеке мемлекеттік оператор айналысады яки ол үшін өнеркәсіптік даму қоры жанынан қор құрылады.

Бұған қоса, утилизациялық төлем коэффициенті қайта қаралып, отандық көліктерді сатып алушыларға утилизациялық алым есебінен ваучер ұсыну мәселесі қарастырылады.

Ресми мәлімет бойына, «Оператор РОП» компаниясы 2015 жылы 30 желтоқсанда Экология кодексінің 387-бабына сәйкес, үкімет қаулысымен құрылған.

Елде автокөлік иелері жылдар бойы утилизациялық алымға қарсылық білдіріп келген. 2021 жылы #НетУтильсбору қозғалысы басталды.

Источник

Комментарий (0)
Добавить комментарий