Назарбаевтың қолына хат ұстатқан оқушы президентпен кездесудегі әсерін айтты

Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы Арман Жаңабеков

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қолына хат ұстатқан Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы NUR.KZ порталына Қазақстанның ең бірінші адамымен кездесудің қалай өткенін айтып берді.

Президентпен болған кездесу Арман Жаңабековтың ұмтылмас сәтіне айналған.

«Мен Назарбаев зияткерлік мектебінде үш жыл бойы интернатта жатып оқыдым. Президент келетін кезде ауылда болдым. Мектептен хабарласып шақыртты. Президент келгенде айтатын сөзімізді дайындадық. «Бөлек кабинетте тұрасыңдар, президент келгенде сендермен сөйлеседі. Ол көп уақыт болмайды» деп бізді дайындады. Сол кезде ауылдан мамам келіп, мен үйге шықтым. Ол үйдің мәселесімен әкімге кіре алмай жүргенін айтты. Оның көп балалы ана болып үй кезегіне тұрғанын білемін. Анамды аяп кеттім, сол кезде президентке хат жазсам, анама көмектесе алатын шығармын деп ойладым», — дейді Назарбаев атындағы зияткерлік мектептің оқушысы Арман Жаңабеков.

Ол анасының аянышты халін көргеннен кейін хат жазуды ойлағанын айтады.

«Интернатқа қайтып келгенімде хатты жаздым. Ол туралы ешкімге айтқан жоқпын. Президент келген күні қағаз қалтамда болды. Қатты қобалжыдым. Президенттің алдында сөйлейтін балалар да қобалжып жүрді. Олар сөздерімізден шатасып кетпейік деп дайындалып жатқанда мен тек «Хатты қалай беремін?» деп ойлаумен болдым. Кірген кезде бізбен сөйлеспей кетіп қалатын шығар деп те ойладым. Бізге алдын ала ол кісіге жолауға, амандасуға да болмайтынын айтып қойды. Сол жағынан қорықтым. Бірақ президент келгенде бәрі өзгеріп кетті», — дейді Арман кездесудің барлық сәтінің көз алдында қалғанын айтып.

«Ол кісінің жаймашуақ даусы, күлімсіреп жағдайымызды сұрағаны қорқынышымызды сейілтті. Біздің қасымызда тұрып суретке түсті. Президент қозғала бергенде «Енді айтпасам ол кісі кетіп қалады, менде мүмкіндік болмайды» деп ойладым. Не болса да берейін деп бар күшімді жинап «Сізге арнаған қалтамда бір жапырақ қағазым бар» еді дедім. Егер ол кісі тарапынан қандай да бір қабақ шыту болса, қалтамнан қағазды шығармаймын деп ойладым. Ал ол адам менің бар қорқынышымды сейілтіп хатты сұрады. Қолына алып тұрып «Қазір оқиын ба, әлде кейін оқиын ба?» деді. Мен президент тап сол жерде оқиды деп ойлаған жоқпын. Сасқанымнан «өзіңіз біліңіз» дедім. «Ішінде не жазылған, жауабын қазір айтамын» дегенде хат мазмұнын қысқаша баяндап бердім. Ата-анамның ауылда, ағамның пәтер жалдап тұратынын айттым. Барлық бауырларымның ағамның қасында жатып оқитынын, адам көп келетін болғасын жиі пәтерден шығарып жіберетінін айттым. Шешемнің 10 баласы бар екеннін, оның алтауы кәмелеттік жасқа толмағанын айтып, үй алуға қолдау көрсетуін сұрадым. Ол кісі: «Бұл хатты әкімге тапсырамын. Ол үй саған емес, ата-анаңа болады» деп айтты», — дейді Арман Жаңабеков.

«Мен әлі де түс көргендеймін. Ол кісінің айтқан барлық сөзін жатқа білемін. Бірақ мектепке зиян келтіргім келген жоқ. Арты бұлай болады деп ойлаған жоқпын», — дейді Арман Жаңабеков.

Еске сала кетсек, Ақтөбеде президентке хат ұстатып, үй сұраған оқушы қысымға ұшырағанын хабарлаған едік.

Без рубрики
Комментарий (0)
Добавить комментарий