Неміс баспасөзі: НАТО елдері Украинаға танк пен ұшақ бергісі келмейді

НАТО-ға мүше елдер арасында Украинаға танк пен әскери ұшақ бермеу жөнінде жасырын келісім бар. Бұл туралы Германиядағы DPA агенттігі мен Die Zeit басылымы хабарлады. Олар дереккөздерге сілтеме жасаған.

Дереккөз мәліметінше, НАТО елдері Украинаны қолдап отырғанына қарамастан, альянс пен Ресей арасында ашық майдан болғанын қаламайды, сол себепті Киевке қару-жарақтың белгілі бір түрлерін бергісі келмейді.

Құжат жүзінде мұндай келісім болмағандықтан НАТО елдері қару беру-бермеу мәселесін өзі шеше алады, алайда Польша Украинаға МиГ-29 жойғыштарын, басқа да елдер, мысалы, Германия ауыр бронды техника беруден тас тартты.

Бірнеше ел, соның ішінде Польша мен Чехия бронды техникасын Украинаға жіберді, алайда ол техникалар совет үлгісінде жасалған. Батыс үлгісімен жасалған танктер мен ұрыс мәшинелері Украинаға жетпеді. «Ресей олардың батыстың ұрыс танктері мен әскери ұшақтарын Украинаға беруін соғыс ашты деп санап, оған қарумен жауап беруі мүмкін деген қауіп бар», — деп жазды DPA.

Германия канцлері Олаф Шольц бейсенбі күні Давоста сөйлеген сөзінде НАТО елдері Ресеймен ашық майданда кездеспеу үшін барын салады, бірақ Батыс «Владимир Путин қалайтын бейбітшілік шартына» келіспейді деп мәлімдеді. Германиядағы саяси күштердің бірқатары Шольцты Украинаға ауыр техника беруге кедергі жасады деп айыптап отыр.

Украина батыс елдерінен ауыр техника күтеді, соның көмегімен Ресей шабуылын тоқтатып, қарымта шабуылға көшкісі келеді. Батыс елдерінің бірқатары, соның ішінде АҚШ пен Ұлыбритания, Киевке артиллерия жүйелері мен Әуе қорғанысы техникаларын берді. Дания Украинаға «Гарпун» зымырандарын Украинаға беретіні жақында ғана мәлім болды. Киев соның көмегімен Ресейдің Қара теңіз флотындағы кемелерге қауіп төндіре алады.

Израиль Spike танктерге қарсы зымырандарын Украинаға беруден бас тартқаны бейсенбі күні мәлім болды. Мұндай ұсынысты АҚШ жасаған. Зымырандарды израиль технологиясымен Германияда шығарады. Мәліметтерге қарағанда, Израиль Украинаға заңсыз әскери техникаларын ғана жолдауға келіскен, өйткені ол Ресей «Израильдің Сириядағы мүдделеріне нұқсан келтіруі мүмкін деп қауіптенеді».

Источник

Комментарий (0)
Добавить комментарий