Оңтүстік Қазақстан облысындағы Мақтарал ауданы, Интер ауылындағы құлаудың сәл алдында тұрған Мәдениет үйін он алты жылдан бері паналап келген көпбалалы жесір әйел үйлі болды.
Жалғызбасты әйелдің аянышты тағдыры туралы мәселені алғаш болып NUR.KZ интернет-порталы көтерген болатын. Жергілікті билік бұл проблема көтерілген соң үш күннің ішінде тағдырдың тауқыметін тартып отырған отбасының үйлі болуына ықпал етті, деп хабарлайды өңірдегі тілші.
Қарлығаш Оразова қараусыз қалған қоқысқа толған ғимаратты он алты жылдан бері пана еткен. Былтыр үйдің жалғыз асыраушысы өмірден озып, отбасының жағдайы тіптен қиындай түскен. Дегенмен, жолдасынан айырылған әйел қыздарын қатарынан қалдырмаудың амалына кіріспек болып, егін алқабын жайлап, әркімге бір жалданып, нәпақа табудың амалына кіріседі.
Мақта теріп, күнін көрген Қарлығаш Лесбайқызы біздің интернет-порталдың тілшісіне аянышты өмірі туралы айтып берген еді. NUR.KZ тілшісі көтерген мәселеден соң аудандық әкімшілік шұғыл түрде бұл мәселенің мән-жайын шешуге тырысқан секілді. Он алты жылдан бері апатты ғимаратты баспана етіп келген отбасы үш күннің ішінде үйге көшірілді.
Қарлығаш Оразоваға бұрынғы тұрған елді мекенге көрші жатқан Достық ауылынан жергілікті кәсіпкер Мұрат Байтелеев өз қаржысына үй сатып алып берді. Он сотық жері бар ескі баспананың жанында жаздық ас үйі де қарастырылған.
Әзірге мұнда теледидар мен газ плитасы ғана жеткізіліпті. Тоңазытқыш жесір әйелдің өзімен бірге келген. Көрпе-төсегін де кәсіпкерлер қарастырған. Ал қалған техниканы жеткізу әрмен қарай жалғасады деп сендірді Мақтарал ауданының әкімі Жамантай Бейсенбаев.
«Шыны керек, бұл ауылға қанша келіп-кетіп жүріп бұл ескі Мәдениет үйіне арналған ғимаратта адамдар тұрады деп ойламаппын» деп әңгімесін бастаған әкім бұл жағдайды ести сала кәсіпкерлерді жинап, мән-жайды түсіндірген. Арасында қайырымды жандары кездесіп, жесір әйелге қол ұшын беруге келісіпті.
Екі миллионнан астам теңгеге сатып алынған үйді қаладағы баспанамен салыстыруға, әрине, келмейді. Дегенмен пәтерлі болған көпбалалы ана мұның өзіне де шүкіршілік етеді.
«Армансыз адам, қанатсыз құспен тең» деген бар емес пе? Біз негізі аудан орталығы Жетісайдан көгілдір отыны бар үй аламыз ба деп ойлаған едік. Бірақ, бұл да жақсы. Бастысы, біздің тағдырымызды көтерген NUR.KZ порталына рахмет. Алла разы болсын. Бізге үй алып беруге атсалысқандарға алғысым шексіз» деп көзіне жас алған келіншек біздің портал көтерген мәселеден соң жергілікті билік тарапынан қысым көргенін де жасырмады.
Айтуынша, он алты жылдан бері өлместің күнін кешіп келген әйел журналистке өз жағдайын жайып салғанына кінәлі екен. Тіпті аудан әкімінің алдында жылап қалған жесір әйел билікке алғысын айтты.
Айтпақшы, бұл отбасының үлкен қызының мектеп бітіргеніне екі жыл болған. Тек жоқшылықтың салдарынан әрмен қарай білім алуына мүмкіндік болмаған. Аудан әкімшілігі ол қызды оқуға түсіріп беруге уәде етті. Тіпті құжаттарын да рәсімдеп қойыпты.
Аудан әкімі Жамантай Бейсенбаев жоқшылықтың тауқыметін тартып келген отбасы жіті бақылауында болатынын жеткізді.
Бұл үй көпшілікке ерсі көрінгенімен, ауыл халқы үшін қалыпты. Себебі мұнда көбі егін шаруашылығы арқылы нәпақасын тауып отыр. Ал жаңа баспанаға қол жеткізген Қарлығаш Лесбайқызы болашақта ауласына егін егуді жоспарлап отыр.
Егер өзге де қайырымды жандардан қаржылай көмек келсе, бұл үйді сатып, аудан орталығына көшуді де көздеп отырғанын жасырмайды. Себебі бұл ауылға көгілдір отын әлі кіргізілмеген. Қыс бойы көмір жағып, азаптың күнін тартқан бұл отбасы аудан орталығы Жетісайда газ келгендіктен, бұл қиыншылықтан біржолата құтыламыз ба деген ниетте.
Алла бұйыртса, ол күн де алыс емес деген ниет білдірген Қарлығаш Оразоваға аудан әкімі Жамантай Бейсенбаев мемлекетке алақан жаймай, енді өзі өмір сүрудің қамына кірісу керектігін ескертті.
Тіпті жұмыс қажет болса, оны да қарастыруға дайын екенін айтты. Айтпақшы, Мақтаралда дені сау адам жұмыссыз деп есептелмейді екен. Өйткені мұнда жұмыс көзі көп. Тек белсенді адам болса болды. Себебі егін науқанында шабақ жинап, мақта теретіндердің күндік табысы әжептеуір. Өз сөзінде қыздарын бұл жұмыстың түріне салатын болған ана өзі де егіс науқанына шығатынын айтып қалды.
Тағы бір айта кетерлігі, бұған дейін көпбалалы отбасы ауыз суды көшеден тасып ішіп келген. Ал бүгінде ауласының алдында ағып тұр.
Аудан әкімі Қарлығаш Лесбайқызына бұл баспана заң тұрғысында өзінің меншігінде екенін ескертіп, алдағы уақытта оны сатып, басқа жаққа көшіп кетуге де болатынын айтты. Демек, алдағы уақытта өзге де қайырымды жандардан қолдау болса, көпбалалы отбасының аудан орталығына көшіп қалуы ықтимал.
Тағы айта кетерлігі, біз көтерген мәселеде тозығы жеткен ғимаратта төрт отбасы өмір сүріп келе жатқанын атап өткен едік.
Қарлығаш Лесбайқызынан өзгелері де жаңа қонысқа көшкен. Нақтырақ айтқанда, оның бірі кәсіпкерлер есебінен берілген үйге көшсе, келесісі туысының үйін мекен етіпті. Тағы бірі Шымкент қаласында жері болғандықтан, сол жақтан үй салуға ниет білдірген.
Өз сөзін NUR.KZ ұжымына алғыс айтудан бастаған жесір әйел бұл мәселе көтерілгелі бері тек оңтүстік емес, күллі республика тарапынан көмек қолын созып, есеп-шотына қаржы аударып, жағдайын біліп отырғандардың көбейгенін айтты.
Еске сала кетсек, бір апта бұрын Оңтүстік Қазақстан облысы, Мақтарал ауданы, Интер ауылында өлместің күнін көшіп отырған отбасы туралы жазған болатынбыз. Өмірге бес қыз алып келіп, жесір қалған Қарлығаш Оразова бала-шағасымен қараусыз қалған Мәдениет үйін паналауға мәжбүр болған.