Жүрегі оң жақта орналасқан Гүлсезім Әбілдә. Фото: Замана
Ағза мүшелерінің ең маңыздысы – жүрек. Денеміздегі қан айналымы сол арқылы жүзеге асады. Ал жүректің кеуденің cол жақ бөлігінде болатыны белгілі.
Дегенмен жүрегі кеуденің оң жағында орналасқан адамдар да кездеседі екен деп жазады Замана басылымы.
Мысалы, Ордабасы ауданындағы Көкарал ауылында тұратын Гүлсезім Әбілдә – осындай ерекше жаратылған жан.
«Мен 1995-ші жылдың желтоқсан айында дүниеге келгенмін, – дейді Гүлсезім. – Отбасымызда менен бөлек үш қыз, екі ұл бар. Үйде менің ғана жүрегім оң жақта орналасқан. Оны мен 17 жасқа толғанша білмей келдім. Мектепті бітіріп, оқуға құжаттар тапсыратын кезде маған медициналық анықтама керек болды. Шымкенттегі қалалық емханаға барып рентгенге түскенімде дәрігер таңқала: «Сенің жүрегің оң жағыңда екен ғой. Оны өзің білетін бе едің?», — деп сұрады. Мұны естігенде мен қатты таң қалдым әрі қорқып кеттім. Көңілімді бірден уайым басты. Осыны байқаған дәрігерлер мені тыныштандыруға тырысты. Бұл жағдай тек мыңнан біреуде болатын құбылыс, ешқандай зияны жоқ деп түсіндірді. Сонда уайымым басылып, керісінше, өзімді бір ерекше адам ретінде сезініп қалғаным бар», — дейді Гүлсезім.
Гүлсезім анасымен бірге. Фото: Замана
Гүлсезімнің жүрегі оң жақта екенін жергілікті дәрігерлер аңғармаған. Жүрегінің оң жақта екенін білген ол бірден анасына хабарлаған екен, анасы: «Ондай жағдайлар болатынын естігенбіз, сен қайта ерекше адамсың», – депті. Ал туыстары болса, мұны қызық көріп, көрген жерде сұрай береді екен. Әсіресе бұл Гүлсезімнің құрбылары үшін тіпті де қызық көрінген.
«Бір күні жақын дос құрбыма жүрегімнің оң жақта екенін айтқанымда ол: «Онда сен Әнұран шырқалып жатқанда қолыңды оң жақ тұсыңа қоюың керек. Неге сол жағыңа ұстап тұрасың? Ол жақта емес қой жүрегің», – деп әзілдегені бар. Шынымды айтсам, ондай сөздерді көңіліме алып қаламын. Көп достарым, туыстарым да таңқалып, қалай соғады екен деп жүрегімнің соғысын тыңдап көріп жатады», – дейді ол.
Жалпы, Гүлсезім өзін жайсыз сезінбейді екен. Тек кеудесінің сол жақ тұсы анда-санда шаншып тұратын көрінеді. Ең соңғы рет тексерілгенінде мамандар оң жақта орналасқаны болмаса, бәрі дұрыс, жүрегіңде ақау жоқ деп айтыпты.
Ал медицинада бұл құбылысты «декстрокардия» деп атайды екен. Латын тілінен аударғанда «декстр» – «оң», «карди» – «жүрек» дегенді білдіреді. Бұдан денсаулыққа төнетін қауіп жоқ. Ондай ерекшелігі бар адамдарды мамандар негізінен электрокардиограммаға түскенінде, ультрадыбыстық тексеру кезінде анықтап жататын көрінеді.