Оңтүстік Қазақстан облысы Қазығұрт ауданындағы Шарапхана ауылында тұратын, бұрынғы «Қаратас» орта мектебінде білім алған 1974-жылы туылғандар өздерінің 25 жылдық кездесуін ерекше жағдайда, ерекше бір елде атап өтті.
Яғни, олар жұбайларымен бірге Дубайға барып демалып келді деп хабарлайды Замана басылымы.
Ал оған кеткен шығынның бәрін Шарапхана ауылында туып-өскен Ержан Долдаев есімді кәсіпкер азамат өз қалтасынан төлеген. Дубайға барып демалып келгендердің бірі – Нұрғали Оңғарбаев бұл сапардың естен кетпестей болғанын айтады.
«Сыныптас досымыз Ержан, негізі, өзі Дубайда тұрады. Үш-төрт жылдың көлемі болып қалды-ау, бала-шағасымен сонда көшіп кеткен. Өзі кәсіпкерлікпен айналысады, яғни ұялы телефон, тұрмыстық техникалар сату саласында кәсібі бар. Қысқасы, сол Ержан деген сыныптасымыз жыл сайын ауылға келгенде бізге: «Дубайға келіп демалып кетсеңдерші», – деп ұсыныс айтатын. Соның сәті биыл, яғни 25 жылдық кездесудің қарсаңында түсті ғой. Ержан тағы хабарласып: «Мерекені ерекше етіп Дубайда өткізейік. Бәрің құжаттарыңды туралап, әйелдеріңмен бірге келіңдер. Өзім күтіп, шығарып саламын», – деп мәрттік танытты. Біреу шақырып тұрса, қонағым болыңдар деп тұрса барайық деп 12 жігіт әйелдерімізбен бірге Алматыға қарай жол тарттық. Яғни Алматы әуежайынан 22-ші мамыр күні ұшаққа отырдық. Мінген ұшағымыз төрт жарым сағатта Шаржы қаласының әуежайына қонды», — деп әңгімесін бастады Нұрғали.
«Шынын айту керек, Алматының әуежайын көргенде біздікілер: «Мәссаған, Алматының әуежайы үлкен екен, керемет!» – деп таңдай қаққан ғой, ал Шаржының аэропортын көрген соң Алматынікі түк болмай қалды. Расында да ол ел әлдеқайда дамып кеткен екен. Көшелерінің тазалығын айтсаңызшы, күніне екі мәрте кәдімгі асфальт жолды көпіршік сумен жуып отырады екен. Содан ба, ауасы тап-таза. Жұмаққа кіргендей боласың. Қысқасы, біз Дубайда орналасқан «Сити Макс» қонақүйіне орналастық. Сыныптасымыз біз үшін алдын-ала бөлме дайындатып қойған екен, әйелдерімізбен бал айын өткізгендей күйде болдық. Таңертең қонақүйдің алдына көлік келіп тұрады, мініп аламыз да, жағажайға барамыз. Суға түсіп, қыздырынып болған соң бөлмемізге қайта келіп демаламыз. Түстен кейін тағы да қыдырамыз. Рахат күй кештік», — дейді ол.
«Абу-Дабидегі ең үлкен мешіттерді көрдік, «Сафари» деген құмды аймағын да аралап шықтық. Керемет енді, сөзбен айтып жеткізу қиын. Құмның ортасында арабтардың баяғы замандағы тұрмыс-салтын сипаттайтын арнайы орталық ашып қойған екен. Сол жерге де бардық. Олардың мұнай табылғанға дейін күнкөріс деңгейі өте төмен болған көрінеді. Сонда олар біздің бұрынғы қоржын үй секілді кіп-кішкентай үйлерде өмір сүріпті. Сондай үйлердің бірнешеуі сақталған екен, оларды да тамашаладық», — деп жалғастырды ол әңгімесін.
ОҚО тұрғыны Дубай халқының тәртібі мен мәдениетіне риза болғанын айтады.
«Мен Дубайдың тұрғындарына риза болдым, көшеде бір-бірімен айқайласып, ұрысып немесе бір жерге асығып кетіп бара жатқан адамдарды көрмейсің. Сен қазақсың ба, орыссың ба, арабсың ба, бәрібір, бетіңе күлімсіреп қарап тұрады. Яғни ол жақта туристерді құрметтеу керек деген тәртіп бар сияқты көрінді. Бәлкім халқының әл-ауқаты жақсы, ақшадан таршылық көрмеген соң да жайбарақат өмір кешіп жатқан болар. Әйтпесе біздің қазақтар да қонақжайлықтан кем емес қой, тек жұмыссыздық, жоқшылықтың кесірінен жүйкелері жұқарып, бірін-бірі жақтырмай кеткені болмаса.Не керек, Дубайда 5 күн аунап-қунап қайттық. Ержанымыз нағыз ер екен, үйіне шақырып, екі күн қонақ етті. Оның пейілінің кеңдігіне, сыныптастарым деп сыйлап жатқанына бәріміз риза болдық», — дейді Нұрғали Оңғарбаев.
Ал Ержан Долдаев бүгінде өз қаражаты есебінен Шарапхана ауылының кіре берісінен үлкен спорттық алаң салып беруде екен. Таяу уақытта оның құрылысы аяқталып, ел игілігіне берілмек.