Көрнекі фото: MainSpy
Оңтүстік Қазақстан облысы, Сарыағаш аудандық прокуратурасы әлеуметтік желі арқылы оңай жолмен ақша бопсалаушыларға тосқауыл қоюдың жаңа әдісін қолданысқа енгізді. Осы әдіспен аз уақыттың ішінде төрт баласы бар Сарыағаш ауданының тұрғыны істі болды.
34 жастағы ер азамат әлеуметтік желі арқылы бойжеткенмен танысады. Мұнан соң оны кездесуге шақырып, Қапланбек ауылындағы қонақүйлердің біріне шақырады. Бойжеткенмен жыныстық қатынасқа түскен азамат интимдік қарым-қатынасты жасырын видеоға түсіріп алып, ақша бопсалауға көшеді. Алғашында бойжеткеннен 800 мың теңге талап еткен ол егер бұл сома қолына тимесе, бейнежазбаны ғаламторға жариялап, «масқараңды шығарамын» деп шарт қояды.
Бойжеткен 700 мың теңге береді. Бір қызығы, арада жарты жыл уақыт өткен соң отбасылы бар азамат бойжеткеннен тағы да ақша талап етеді. Бұл жолы ол «Вконтакте» желісі арқылы қыздың атынан парақша ашып, сол жерге видео мен суреттерді жүктейді. Ал оны өшіру үшін әйел азаматынан жарты млн теңге талап еткен. Амалы қалмаған бойжеткен ішкі істер органдарына шағым түсіреді.
«Қылмыскердің пиғылын әшкерелеу үшін жаңадан қолданысқа алынған әдістер қолданылды. Бұл аз уақыттың ішінде қылмыстың бетін ашуға септігін тигізеді. Орын алған оқиғаны анықтау көп күттірмеді. Жаңа әдісті қолдану арқылы желідегі парақшаны ер азамат күнделікті қолданып жүрген ұялы телефоны арқылы ашқаны дәлелденді», — деді Сарыағаш аудандық прокуратурасының аға прокуроры Әли Нұрлыбаев.
Полицейлер ақша бопсалаушыны 280 мың теңге алып жатқан жерінен қолға түсірді. Оның үстінен Қылмыстық кодекстің 311, 194, 147 баптары бойынша іс қозғалды. Сот айыпталушыны кінәлі деп тауып, оған 4 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сот үкімі бүгін заңды күшіне енді.