Жансейіт Түймебаев. Фото: nur.kz
«Әйел затының біздің өмірімізде алатын орны ерекше. Ең бірінші ол — бізге өмір берген анамыз, бала сыйлаған жарымыз, біздің өмірімізді жалғастырған қыздарымыз. Яғни, бұл — табиғаттың заңдылығы.
Сондықтан, оларды қадірлеп, сыйлап, тағы да бір рет елге, жұртқа көрсетіп, ол кісілердің рөлін білдіру біз үшін қажет деп ойлаймын… Ең бірінші сыйлық, әрине, кез-келген ханымға гүл боп саналады. Қалғаны көңілдің белгісі, шамасына, жағдайына қарай беріледі.
Ең бірінші еске түсетіні де, сыйланатыны да — гүл. Өмірі де сол гүл сияқты болсын дейміз. Тілейтініміз де сол… Әкімдік болып, бүкіл осы «шенуніктер» деп жатамыз ғой, барлығымыздың шапқылап жүргеніміз елдің, халықтың жағдайы жақсарса, экономикамыз түзелсе дейміз, ол кезде әйелдердің де көңіл-күйі жақсы болады.
Олар әрқашан отбасын ойлайды, елін ойлайды. Ағайынды ойлайды. Барлығы бір-біріне байланысты нәрсе. Сондықтан амандық, саулық тілейміз. Гүл сыйлағандай күнделікті күлімдеп, жайнап жүре берсін», — деген Түймебаев мырза сөзінің соңында өз әйеліне де бірінші кезекте гүлді сыйға тарту ететінін айтты.
Айтуынша, жұбайы райхан және раушан гүлдерін ұнатады. Бұдан өзге аймақ басшысы 8 наурыз сонау кеңес заманынан бері тойланып келе жатқан мереке екенін атап өтті. Және де ол мереке қарсаңында елімізде гүл сататын дүкендерде сауда қызатынын да еске салып, бұл кейбір шетелдіктердің таңданысын тудыратынын да жеткізді.