Пак Кын Хе. Фото: РИА Новости
Сеулде мыңдаған адам көшеге шығып, ел президенті Пак Кын Хенің тақтан кетуін талап етіп ереуілдетті. Халық тәртіп сақшыларымен қақтығысып, жеті адам ауруханаға жеткізілді. 20 шақты ереуілшіге сол жерде медициналық көмек көрсетілген деп хабарлайды 24.kz.
Корея басшысы мемлекетті басқаруды өзінің жақын құрбысы Чхве Сун Шиль ханымға сеніп тапсырды деп айыпталуда. Сеулдегі басты алаң – Кванхвамунға таңертеңнен бері ағылған кісі қарасы көп. 12 қарашада президентке қарсы акция өткізу жоспарын көптеген үкіметтік емес ұйым алдын ала жариялаған болатын. Ал, үкімет ел азаматтарына қоғамдық тәртіпті бұзбауларын сұраған еді.
Қазір алаңға шыққан көпшілікті 260 мың полицей қадағалап, ел астанасындағы орталық көшелер толығымен жабылды. Сеул әкімшілігі орналасқан алаңға 12 қараша күні мыңдаған адам жиналды. Олардың бәрі де президенттің атын атап, қолдарына ту мен шырақ ұстап, плакаттармен шықты. Онда «Пак Кын Хе, кет!» деп жазылған.
Митинг алаңда өтіп жатқан концерт секілді. Әндетіп, көңіл көтерген көпшілік президенттің қызметтен кетуін ғана сұрап жар салуда. Мұншалықты көп адамның шеруге шыққанына көше саудагерлері риза. Ал Сеул метросында ине шаншар орын жоқ.
Пак Кын Хе өз қателігін мойындап, таныс әйелді басшылық қызметке әкелгеніне өкінішін білдірді. Тіпті екі мәрте халықтан кешірім сұрады. Алайда бүгінгі жағдайдан кейін халықтың президенттен көңілі әбден қалған секілді. Оның ел алдындағы беделі түсіп кетті.
«Мемлекет басшысына тағылған айып өте ауыр. Пак Кын Хе мәселенің бәрін үкімет арқылы емес, өз досының ақылымен шешіп отырған. Чхве Сун Щиль құпия құжаттарға да қол жеткізген. Сонымен қатар ол ірі корпорацияларды өз бақылауындағы қорға қаржы аударуға мәжбүрлеген деген ақпарат та бар», — дейді Корея республикасы ұлттық ассамблеясының депутаты Ли Вон Ук.
Адамдар үйлеріне қайтуға асығар емес. Олар президент сарайы Чонхвадені қоршап алып, наразылық акциясын жалғастырып жатыр. Оңтүстік Кореядағы бұл шеру бірнеше күнге созылатын секілді.