Оңтүстік Қазақстан облысы, Мақтарал ауданы, Интер ауылында өлместің күнін көшіп отырған отбасы бар. Өмірге бес қыз алып келіп, жесір қалған Қарлығаш Оразова бала-шағасымен қараусыз қалған мәдениет үйін паналауға мәжбүр.
Көпбалалы ана «басқа барар жерім жоқ» деп зар илеуде, деп хабарлайды NUR.KZ тілшісі.
48 жастағы Қарлығаш Оразова қоқысқа толы қараусыз қалған мәдениет үйінің аядай ғана бөлігін он алты жылдан бері баспанасы еткен. Ал оған дейін жолдасының туыстарының үйін паналаған. Алғаш рет бұл ғимаратқа келгенде жоғары қабаттағы бөлмені баспана етіпті.
Кейін оның иесі табылып, төменгі қабаттағы қуықтай бөлмені паналауға мәжбүр болған. Алты жылдан бері сол орынды мекен етіп отыр.
1987 жылы Өзбекстаннан Қазақстанға қоныс аударған Қарлығаш ананың тұрмысқа шыққанына жиырма жылдан асқан. Жолдасы аяқ киім жөндеп, отбасының жалғыз асыраушысы болып келген. Тек қатты сырқаттанып, былтыр Рамазан айында о дүниелік болыпты.
«Біз не көрмедік. Жолдасым сол жоқшылықтан сырқат тапты. Ұлым жоқ деп те қайғыратын» деп көзі мұң шалған көпбалалы ана «ұлым болғанда тіреуішім болар ма еді» дегенді айтып қалды. Алайда қыздары өзіне қолғабыс болып, үй шаруасында көмектесіп тұрады.
«Үлкенім де бой жетіп қалды. Жоғары оқу орнында оқытуға шамам жетпейді. Бұған дейін егіс алқабына шығып, әркімге жалданып, мақтасын теріп нәпақа тауып жүретінмін. Бес теңге болмаса да әйтеуір табыс қой… Биыл ол да қалды. Денсаулығым жарамайды», — деген жалғызбасты ана мемлекеттен ай сайын берілетін жәрдемақыны алып отырғанын жасырмайды. Тек бала-шағаға оны жеткізуде біраз қиналатынын айтты.
Қоқысқа толы ғимаратты баспана етіп отырған ананың үлкені он тоғыз жаста, кейінгісі он сегізке келеді. Одан кейінгісі тоғызыншы сыныпты бітірсе, төртінші перзенті алтыншы сыныпты аяқтаған. Ал кенжесі 2007 жылы дүниеге келген. Кенженің алдындағы қызын інісінің тәрбиесіне беріпті.
Қарлығаш Лесбайқызы баспана мәселесімен талай табалдырықты тоздырыпты. Үй кезегіне тұрғанына да бірнеше жыл өткен. 2013 жылы кезекке 251-ші болып тұрған. Айтуынша, одан бері тек отыз шақты адам ғана пәтерлі болған. «Біздің кезек қашан келетінін тіпті болжай да алмаймын» деген оның жүзінен мемлекеттен қайыр жоқ дегенді түсіндік.
Ешкім керек етпеген ғимаратқа көшіп келген жылы бұл отбасының үшінші перзенті Айзада дүниеге келген. Өмірге келе сала жоқшылықтан көз ашпаған жасөспірім өзгелер секілді өз баспанасы болып, қатарынан қалғысы келмейтінді айтып, тіпті көзіне жас та алып қалды. Ал үйдің үлкендері сұхбат беру түгілі, фотоға түсуге қысылды. Анасы «ертең құрдастары көрсе, беттеріне басады ғой» деді тағдырдың тауқыметін тартқан ол.
Көпбалалы ана осыдан бес алты жыл бұрын әлдекімдер үйіне келіп, менің меншігімде деп қоқан-лоққы көрсетіп кеткенін айтты. Қуанышқа орай одан бері әлі ешкім мазалай қоймапты. Тек қас қарайса үрей басымдай түседі. Себебі тозығы жеткен сыртқы есіктен әлдекім баса көктеп кіріп келе ме деп қорқады.
Ал жаздың күндері ғимарат алдындағы аулада түнейді. Өйтпесе болмайды. Себебі Мақтаралда жаздың аптап ыстығында түннің өзінде ауа қапырық.
«Түнде далада жатамыз. Небір адамдар бар. Ішімдік ішіп алатындары да жоқ емес. Әйтеуір солармен алысып, ұрысқанымен ұрсысып күн кешіп жатырмыз», -деді Қарлығаш Лесбайқызы.
Қыста да жағдай мәз емес. Мұнда жылыту құбыры түгілі, көгілдір отын да жоқ. Ал мәдени ошаққа лайықталып салынған ғимараттың едені цемент. Қанша жерден от жағып жылытсаң да, жылуы екіталай екен.
Айта кететіні, бұл ғимаратта тек бір ғана отбасы тұрмайды. Қарлығаш Лесбайқызы секілді тағы үш отбасы бар. Әркімнің тағдыры әрқилы.
Жергілікті тұрғындардан ара-тұра көмек алып тұратын көпбалалы отбасыға биылғы сайлау кезінде депутаттық мандаттан дәмелілер азық-түлік әкеліп, көмір түсіріп беріпті. Бірақ, содан бері хабарсыз кеткен.
«Тас түрген жеріне ауыр дейді ғой» деп әңгімесін тәмамдаған жесір әйел ит байласа да тұрмайтын бұл ғимаратта өлместің күнін кешіп отырғанын айтты.