Тойға келген қонақтарды жүгіртіп қойып, тіпті өзінің бетін сүйгіздірмек болған асаба жұрттың ашуына тиді, деп хабарлайды NewTimes.kz ақпараттық агенттігі.
Қазақ тойларында елді күлдіремін деп, бүлдіріп қоятын асабалар саны азаймай тұр. Той басқаруды сеніп тапсырған той иелерінің қуанышты кешінде орын алған оқиғаның видеосы желіде тарап кетті. Онда асаба бойжеткен мен ер азаматты ортаға шығарып, ойын ойнатпақ болады. Яғни, олар жүгіріп қалыңдық пен күйеу жігіттің беттерінен сүйіп, сол әрекетті өзіне де қайталауды талап етеді. Нақтырақ айтқанда, ойын қатысушылары асабаның да бетінен сүюі шарт. Бірінші болып тапсырманы орындаған қатысушы жеңіске жетеді. Қызықтың көкесі бойжеткеннің асабаның қасына келген сәтінде орын алады. Ұзын етекті көйлек киген ару асабамен бірге жерге құлап түседі.
Мұны көрген той қонақтары күлкіге қарық болады. Видеоны тамашалаған желідегілер арзан ойынмен жұртты күлдіріп жүрген асабалардың ақылға қонымсыз әрекеттерін сынның астына алды. «Ерсі ойын», «Тойды той қылып өткізетін мәдениетті асаба қажет. Цирк қылып ойын өткізетін тойлар дұрыс емес. Мына асабаны жалдаған адамның да есі дұрыс емес шығар. Бұл деген ұят қой тіпті, адамдарға не болып бара жатыр? Позор», « Иә, тойымыз не боп барады? Сайқымазақ алаңы боп барады…», « Сауатсыздардың ойыны, болмайтын нәрсе ғой. Асаба деген әдемі сөздерімен елді өзіне қарата білу керек қой», «Мәдениет деген қайда? Үйінде жатқан жоқ қой» деп ашынды желідегілер. Дегенмен ерсі қылығымен желіні жарған той басқарушыны қолдап шыққандар да жоқ емес. Олардың ойынша бір сәт болса да осындай ойындар арқылы халықтың көңілін көтеру екінің бірінің қолынан келе бермейтін іс.