12 миллионнан аса азамат 19 наурызда мәжіліс және мәслихат депутаттарын сайлауға қатыса алады. Бұл туралы 27 ақпанда Қазақстан орталық сайлау комиссиясы хабарлады.
«Біз тізімде сайлаушылар қайталанып кетпегенін тексердік. 12 миллион 32 мың 550 мың сайлаушы бір мәрте ғана дауыс бере алады», — деп мәлімдеді комиссия төрағасының орынбасары Константин Петров.
ОСК мәліметінше, 4-18 наурызда сайлаушылар дауыс беру құқығын растайтын құжат ала алады. Олар бір ғана сайлау округінде дауыс береді.
Бұған қоса, саяси партиялардың сайлау алдындағы телевизиялық пікірсайысы 16 наурызға белгіленгенін хабарлады.
«Орталық сайлау комиссиясының аппараты «Хабар» агенттігі» АҚ-мен сайлау алдындағы телевизиялық пікірсайыс өткізу мәселесі бойынша тиісті шарт жасасын» деді ОСК төрағасы Нұрлан Әбдіров.
ОСК мәліметіне қарағанда, пікірсайыс өткізу үшін 63 миллион теңге бөлінген. 2022 жылы күзде өткен президент сайлауы кезінде де кандидаттардың дебаты үшін «Хабар» агенттігіне 63 миллион теңге төленген.
Бұған дейін жеті саяси партия 2023 жылғы 19 наурызға белгіленген мәжіліс пен жергілікті мәслихаттар сайлауына түсетінін мәлімдеп, партиялық тізімдерін ұсынған.
Олар: «Ауыл», «Аманат», Respublika, «Ақ жол», Қазақстан халық партиясы, «Байтақ» жасылдар партиясы, Жалпыұлттық социал-демократиялық партия.
Биылдан бастап Қазақстан парламентіндегі депутаттық мандаттың 70 пайызы саяси партияларға, 30 пайызы бірмандатты сайлау округтерінен жеңгендерге беріледі.