Қазақстан Ресейдегі президент сайлауына 170 бақылаушы жібереді деп хабарлады Қазақстан Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Зәуреш Баймолдина.
«Қазақстан ОСК Сыртқы істер министрлігімен бірлесіп Ресейдегі президент сайлауына аз уақытқа бақылау жасайтын Қазақстан өкілдерінің тізімін жасады» деді Баймолдина. Оның сөзінше, 129 адам ТМД бақылаушылар миссиясының, 3 адам Шанхай ынтымақтастық ұйымы миссиясының, 38 адам ЕҚЫҰ Демократиялық институттар және адам құқығы бюросының миссиясы құрамында бақылау жасайды.
Бұған қоса, Қазақстан парламенті ТМД Парламентаралық ассамблеясы құрамында Ресейдегі сайлауға өкілдерін жібереді.
Ресейде президент сайлауы 2018 жылы 18 наурызда өтеді. Сайлауға сегіз кандидат, оның ішінде қазіргі президент Владимир Путин тіркелген. Сонымен бірге Ресей коммунистік партиясы атынан Павел Грудинин, ЛДПР кандидаты Владимир Жириновский, «Азаматтық бастама» партиясының өкілі, тележүргізуші Ксения Собчак, «Яблоко» партиясынан Григорий Явлинский, «Ресей жалпыхалықтық одағы» партиясынан Сергей Бабурин, кәсіпкерлер құқығын қорғайтын уәкіл Борис Титов және «Ресей коммунистері» партиясының өкілі Максим Сурайкин түседі.