Зейнеткер. Көрнекі фото: tmb.news
Қостанай облысының қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық соты 29 жастағы Евгения Соколовская, 39-дағы Елена Щербинина мен Евгений Шубейкинге қатысты үкім шығарды. Олар қарақшылық шабуыл жасап, кісі өлтіруге барды деп айыпталды.
2015 жылы рудныйлық азаматша Щербинина танысынан 80 жастағы зейнеткер Герасимовтың пәтерінде 300 мың теңге сақтаулы екенін естіп, сол ақшаға қаскүнемдік жолмен иелік етуді шешкен. 2 сәуір күні кешкілік Щербинина достары Соколовская мен Шубейкинге келіп, өзара спирттік ішімдік тұтынады.
Азаматша шөлмектестерімен жоспарын бөлісіп, олар бірден құптай жөнеледі. Келесі күні-ақ олар алдау жолымен жәбірленушінің пәтеріне кіреді, яғни өздерін коммуналшылар ретінде таныстырған. Кіре салысымен қарияны байлап, үнін шығара алмас үшін күштеп аузын тығындап тастаған.
Бөлмелерді тінтіп, ақыры 29 мың теңге көлемінде ақша тауып алып, «олжаны» қалталарына басады. Пәтер иесі өз еркімен қолын шешіп, ауыз кергішті алып тастап үлгереді. Мұны көрген Соколовская өзімен ала келген пышағымен зейнеткердің кеуде тұсынан үш соққы жасаған.
Ауыр дене жарақатынан қарт оқиға орнында тіл тартпай кетеді, ал қанішерлер пәтерден тайып тұрған. Сот 29 жастағы Соколовскаяның кінәсін дәлелдеп, 16 жылға бас бостандығынан айырды. Жазасын жалпы режимдегі колонияда өтейді. Щербинина жалпы тәртіптегі түзету мекемесіне 4 жылға қамауға алынады. Щубейкин қатаң тәртіптегі колонияда 6 жыл айыбын жуады. Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.