Отандық миллионер қоластындағы жалқау футболшыларды қатаң сынға алды

Қайрат Боранбаев. Фото: ProSports.kz

«Қайрат» футбол командасы бақылау кеңесінің жетекшісі Қайрат Боранбаев клубтағы жүйені және даму стратегиясын өзгертетінін мәлімдеді деп хабарлайды Азаттық.

Боранбаевтың пайымдауынша, командада «жеңіліс вирусы» жайлап кеткен. Команданың сайтында 24 шілдеде жарияланған ресми мәлімдемеде Боранбаев команданың соңғы ойындарын «нашар» деп бағалап, командада үлкен өзгерістер жасайтынын айтқан.

«Жалған футболшыларға» ақша құюдан шаршадық. Бүкіл инфраструктураны мотивациясыз, алға қойған мақсаты жоқ футболшылар үшін салған жоқпыз. Алдағы уақытта Қазақстан үшін, қала үшін және клуб үшін ойнайтын футболшыларды аламыз», — дейді Боранбаев.

«Қайрат» командасы Еуропа лигасы екінші іріктеу кезеңінде албаниялық «Скендербеу» командасынан жеңіліп, жарысты аяқтаған. Осыдан кейін клубтың бас бапкері грузиялық Кахабер Цхададзе отставкаға кеткен.

Қазір «Қайрат» Қазақстан чемпионатында «Астана» командасынан кейін екінші орында келе жатыр. Екі команданың арасын жеті ұпай бөліп тұр.

«Қайрат» соңғы рет 2004 жылы Қазақстан чемпионы атанған.

Без рубрики
Комментарий (0)
Добавить комментарий