Пекинде қысқы олимпиада ойындары аяқталды. 2014 және 2018 жылғы қысқы олимпиадада бір-бір қола медаль иеленген Қазақстан құрамасы Пекинде жүлдесіз қалды.
Пекин олимпиадасында жалпы есепте алғашқы үштікке Норвегия (16 алтын, 8 күміс, 9 қола), Германия (12-10-5), Қытай (9-4-2) енді. Норвегия мен Германия қысқы спортта кейінгі кезде көшбасшы елге айналса, ойынды ұйымдастырған Қытай қысқы олимпиададағы тарихи жетістігіне жетті.
Бұрын бұл елдің қысқы ойындардағы ең үздік нәтижесі бес алтын еді. Қытай олимпиада алдында АҚШ пен Канададан отызға жуық спортшыны құрамасына шақырған.
Солардың бірі – АҚШ-та туған шешесі қытай, әкесі америкалық Эйлин Гудың бір өзі Қытайға екі алтын, бір күміс әперді. Ал АҚШ 8 алтынмен жалпы есепте 4-орын алды.
Ресей олимпиада комитеті (допинг дауына байланысты ресейлік спортшылар тусыз, әнұрансыз қатысты) медаль саны бойынша (32 жүлде) рекорд орнатты. Бұл ел 6 алтын, 12 күміс, 14 қоламен жалпы есепте 9-орыннан көрінді.
АҚШ, Канада, Еуропа елдері және Ресейден бөлек Пекин олимпиадасында Жапония 3 алтын, 6 күміс, 9 қола (12-орын); Оңтүстік Корея 2 алтын, 5 күміс, 2 қола (14-орын); Жаңа Зеландия 2 алтын, 1 күміс (17-орын); Австралия 1 алтын, 2 күміс, 1 қола (18-орын) алды.
Постсоветтік елдер ішінен Беларусь 2 күміс, Украина 1 күміс, Латвия мен Эстония бір-бір қоладан иеленді.
Келесі қысқы олимпиада 2026 жылы Италияда өтеді.