Песков Ердоғанның «Түркі әлемі» картасында Ресейдің Алтайы орталық болмағанына қынжылды

Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков «Түркі әлемі» картасына байланысты пікір білдірді. Таяуда «Түркі әлемі» картасын Түркия ұлтшылдар партиясының жетекшісі Дәулет Бахчели Түркия президенті Реджеп Тайып Ердоғанға сыйлаған еді.

— Түрік серіктестеріміз түркі бірлігі идеясын көтеріп жүр, ол қалыпты нәрсе. Бір ғана жайт ескерілмепті, картада түркі әлемінің орталығы үлкен қызыл жұлдызбен белгіленбепті,-деді Песков. Оның сөзінше, түркі әлемінің қызыл жұлдызбен белгіленуге тиіс орталығы Түркияда емес, Ресейдің Алтайында.

Путиннің баспасөз хатшысы бұл сөздерді «Россия — 1» телеарнасының тікелей эфирінде айтты деп хабарлайды ТАСС агенттігі.

Песков сөзін «түркі халықтары Алтайдан шыққан, сондықтан түркілерге қасиетті жер» деп нақтылай түсіп, «мұны түркітанушы ретінде айтып тұрмын» деп қосып қойды.

Таяуда Түркия ұлтшылдар партиясының Twitter-аккаунтында Ердоған мен Бахчелидің «Түркі әлемі» картасын ұстап тұрған суреттері жарияланған еді.

Картада Ресейдің Солтүстік Кавказ республикалары (Шешенстан, Ингушетия, Дағыстан, Қабардин- Балқар, Қарашай-Шеркес және Адыгей), Краснодар аймағы, Ростов облысының бір бөлігі, Еділ жағалауы, Шығыс Сібір мен Якутия «Түркі әлемі» деп көрсетілген.

Қазақстан мен Орталық Азияның өзге де республикалары және Қытайдың Шыңжаң Ұйғыр автономиялық ауданы да «Түркі әлемі» картасына қосылған.

Былтыр Әзербайжанның Таулы Қарабақтағы жеңісінен кейін Кремльдің ықпал аймағы саналатын Кавказ аймағында Түркияның рөлі күшейе түскен.

Биыл көктемде өткен Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастығы кеңесінің бейресми саммиті Түркияның Орталық Азиядағы бұрынғы советтік республикаларға мәдени-экономикалық ықпалы арттыра бастағаны туралы болжамдарды күшейткен.

Биыл 12 қарашада Түркияда өткен Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастығы кеңесінің 8-саммитінен соң кеңес атауы «Түркі мемлекеттері ұйымы» болып өзгерген.

Источник

Комментарий (0)
Добавить комментарий