Полиция Ресейдің Алматыдағы елшілігі алдында наразылық акциясын өткізген белсенділердің барлығын күшпен ұстап әкетті. Бұл жөнінде оқиға орнынан Азаттық тілшілері хабарлады.
Белсенді Димаш Әлжанов Facebook’та полицияның белсенділерді ұстау сәтінен видео жариялады.
Ақпаратқа қарағанда белсенділерді Бостандық аудандық ішкі істер басқармасына алып кеткен.
Ресейдің Алматыдағы консулдығы алдында наразылық өткізген Oyan, Qazaqstan белсенділері Мәскеудің Украинадағы «әскери операциясын» айыптап, соғысты тоқтатуға шақырған.
Бейсенбі күні Ресей басшысы Владимир Путин Донбаста «әскери операция» бастайтынын хабарлап, артынша Украинаның түрлі аймағында жарылыстар болғаны белгілі болды. Украина ішкі істер министрлігі 17 облыста жарылыс пен әуеден соққы жасалғанын хабарлады. Ақпаратқа қарағанда, негізінен әскери нысандар шабуылға ұшыраған.
НАТО бас хатшысы Йенс Столтенберг Ресейдің Украинаға қатысты әрекетін айыптады. Украина басшысы Владимир Зеленский халыққа үндеу жасап, үрейленбеуге шақырды. Елде әскери жағдай жарияланды. БҰҰ бас хатшысы Антониу Гутерриш Мәскеуді «адамзат үшін әскерін Украинадан әкетуге» үндеді.