Прокурор Алматыда бес адамды өлтірді деп айыпталған Дужновқа ең ауыр жаза сұрады (видео)

19 сәуірде Алматыда қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық арнайы сотта прокурор Игорь Дужновқа ең ауыр жаза белгілеуін судьядан сұрады. Дужнов Ақбұлақ шағын ауданында былтыр қыркүйекте бес адам өлтірді деп айыпталған.

Мемлекеттік айыптаушы судьядан сотталушыға өмірлік түрме жазасы берілуін, бірақ оның мүлкі тәркіленбеуін өтінді. Прокурордың мәлімдеуінше, Дужнов «қасақана қылмыс жасаған».

54 жастағы Игорь Дужновқа «әділет орнатушы немесе сотқа дейін тергеу жүргізуші өміріне қауіп төндірді», «билік өкіліне күш қолданды», «сот шешімін, сот үкімін орындамады», «қылмыс жасауға дайындалды» деген айыптар тағылған.

Бұған қоса, ол «шетелдегі қарулы жанжалға қатысты» деп айыпталған.

Оrda.kz басылымының прокурор көмекшісі Әлішер Мырзахановқа сілтеме жасай отырып хабарлауынша, Игорь Дужновтың 2014 жылы Украина аумағындағы қарулы жанжалға қатысқанын Ресей мен Қырғызстан ішкі істер министрліктері растаған. Дужнов «Луганскіге бейбіт халықты қорғау үшін барғанын» мәлімдеген.

Жергілікті ақпарат құралдарының хабарлауынша, айыпталушы 21 сәуірде соттағы соңғы сөзін айтады.

Осы іске қатысты сот 18 наурызда басталды. Дужнов өзін кінәлі емеспін деп мәлімдеп, бес адамның өлімін «жау тобының көзін құрту» деп атаған. Бұған қоса, қолға түскен соң оны полицияда ұрып-соққанын айтты.

Ресми мәлімет бойынша, 2021 жылғы 20 қыркүйекте полиция қызметкерлері мен сот орындаушылары Дужновқа үйді жаңа қожайынға беру жөніндегі сот шешімін орындату үшін барған. Оларды қарумен қарсы алған Дужнов бес адамды атып өлтірген.

Источник

Комментарий (0)
Добавить комментарий