Украинские беженцы
Ресей қорғаныс министрлігінің мәлімдеуінше, дүйсенбі күні таңертең Мәскеу уақытымен сағат 10:00-де ұрыс уақытша тоқтайды. Украинаның Киев, Мариуполь, Харьков және Сум қалаларында «гуманитарлық дәліздер» ашылады.
Мұндай дәліздер Франция президенті Эммануэль Макронның Ресей президенті Владимир Путинге жеке өтінішіне орай ашылып отыр.
Ресей қорғаныс министрлігі таратқан ақпаратта гуманитарлық дәліздер бағыты көрсетілген. Мириуполь, Харьков және Сум қалаларының тұрғындары Ресейге, немесе батысқа — Украинаның ресейлік жауынгерлері жоқ аумағына кете алса, Киев тұрғындарына ресейлік сарбаздар бар Беларусь аумағына ғана көшуге рұқсат берілген.
Украина жағы бұл ақпаратта қатысты әзірге мәлімдеме жасаған жоқ.
Сенбі, жексенбі күндері жарияланған тыныштық мерзімінде Мариуполь қаласының бейбіт тұрғындары соғыс ошағын тастап кете алмады. Қалада атыс болған. Тараптар бұған бір-бірін айыптап отыр.
Дүйсенбі күні Украинаның бірнеше аймағында атыс болды. Николаев қаласында тұрғын үйлер қираған. Харьковте де ғимараттар қиратылғаны мәлім болды.
Бүгін Ресейдің Украинаға басып кіргеніне 12 күн болды.