Заседание Генассамблеи ООН, Нью-Йорк, 7 апреля 2022 года
БҰҰ Бас ассамблеясы Украинадағы соғысы үшін Ресейді БҰҰ Адам құқығы кеңесінен шығарып тастады.
Дауысқа шығарылған қарарда Ресей әскерінің Украина аумағында адам құқығын өрескел бұзғаны айтылады.
Ресейді кеңестен алып тастауды 93 ел қолдаған, 24 ел қарсы шыққан. Қарсы дауыс бергендер ішінде Қытай мен Қазақстан бар. Үндістан бастаған 58 ел қалыс қалған. Қарарды қабылдау үшін 193 елдің қалыс қалғандарынан бөлек үштен екісі қолдап дауыс беруі керек еді. Reuters агенттігінің жазуынша, Ресей қарарды қолдап дауыс беруді достыққа жат қадам деп қарайтынын мәлімдеген.
Мәскеу Украинадағы бейбіт азаматтарға қарсы агрессиясын мойындамай келеді.
Мемлекетті Адам құқығы кеңесінен шығарып тастау сирек кездеседі. Соңы рет мұндай жағдай 2011 жылы болған. Ол кезде кеңестен Ливияны шығарған. Ол елдің басшысы Муаммар Каддафи үкіметке қарсы митинг қатысушыларына зорлық-зомбылық көрсетті деп айыпталған.
Енді Ресей кеңес отырыстарында сөз сөйлеп, дауыс бере алмайды, бірақ оның дипломаттары кеңестегі дебаттарға қатыса алады. Reuters дереккөздерінің айтуынша, Ресей бұдан былай БҰҰ кеңесіне сенімді тұлғалары арқылы ықпал етуге көшеді.
БҰҰ Адам құқығы кеңесінің мүшелері үш жылға сайланады. Ресей мен Украина Шығыс Еуропа елдері арасынан 2021-2023 жылдар аралығына сайланған.
Киев түбіндегі Буча қаласы сәуірдің басында Ресей әскерінен азат болып, қалада ондаған бейбіт азаматтың өлтірілгені мәлім болды. Мәйіттер арасында қолы артқа қайырыла байланғандар да болды. Қалада бауырластар зираты да пайда болған. Украина билігі 300-ден астам бейбіт тұрғынның опат болғанын айтады. Әлемдік қауымдастық бұл қылмысты жасаған Ресей әскері деп отыр.
Ресей Бучадағы бейбіт азаматтарды өлтірді деген айыпты жоққа шығарып, мұны «Украинаның арандатуы» деп атады.