Ресей билігі Белгород қаласындағы әскери полигонда қаруластарына шабуыл жасады деп айыпталған тәжік азаматы Эхсон Әминзоданың сүйегін шамамен бір жарым айдан соң туыстарына берді.
Оны биыл 15 қазанда өлтірген.
Ресейдегі ақпарат құралдарының хабарлауынша, осы полигонда Әминзода мен басқа да «еріктілер» Украинадағы соғысқа бару қарсаңында дайындықтан өтіп жүрген. Алайда марқұмның туыстары оны полигонға күшпен алып кетті деп есептейді.
Эхсон Әминзоданың Ресейдегі екі туысы 23 қарашада Азаттықтың Тәжік қызметіне екі күн бұрын марқұмның сүйегін алғанын, жақында оны Тәжікстанға жеткізетінін хабарлады.
Тәжікстандағы Кушониён ауданына қарасты Заргар ауылында марқұмның туыстары азалы жиынға дайындалып жатқанын айтты.
Эхсон Әминзода (Эхсони Тожиддин) жеті ай бұрын Ресейге барып, мейрамханада патентпен жұмыс істеп жүрген. Туыстары оның «Украинаға соғысқа бару жоспары болмағанын» айтты. Отанында оны қалыңдығы күтіп жүрген. Эксон үйлену тойына ақша жинаған. Туыстарының айтуынша, Эхсон 10 қазанда Мәскеудегі Люблино ауданында із-түссіз жоғалып кеткен. 16 қазанда олар жас жігіттің қаза тапқанын Ресей билігінің өкілдерінен естіген.
Әлеуметтік желілерде жарияланған құжаттарда Эхсон Әминзода Ресей армиясы қатарына алынғаны айтылады.
Ресейдегі ақпарат құралдарының хабарлауынша, 15 қазанда Эхсон Әминзода сыбайластарымен бірге қызметтестеріне шабуыл жасап, 11 адамды өлтірген, 15 адамды жаралаған. Жанжан дін мәселесінен туындаған деп хабарланды. Ресей билігі оқиғаның мән-жайын жасырып отыр, Белгородта шын мәнінде не болғанын ешкім білмейді.