Ресей үкімет басшысы Михаил Мишустин Тәжікстан премьері Кохир Расулзодамен кездесіп, Тәжікстан Ресейдің Орталық Азиядағы стратегиялық әріптесі деп мәлімдеді.
«Тәжікстан Ресейдің стратегиялық әріптесі, Орталық Азиядағы одақтасы. Ресей президенті Владимир Путин мен Тәжікстан басшысы Эмомали Рахмон келісімін орындау мақсатында үкіметтер сауда-экономикалық әріптестікті дамыту үшін белсенді түрде жұмыс істеп жатыр», — деп мәлімдеген Мишустин. Ресей премьерінің айтқандарын РИА Новости таратты.
Қол қоюға дайындалған құжаттар арасында салық және кеден қызметтері арасындағы әріптестік келісімі де бар. Мишустиннің айтуынша, екі елдің мәдени және гуманитарлық байланыстары дамып жатыр.
Ол Тәжікстанға премьер-министр ретінде бірінші рет келгенін ескертіп, «барлық шараны жақсы ұйымдастырғаны үшін» президент Эмомали Рахмонға алғыс айтты.
Тәжікстан премьері Кохир Расулзода Ресей республиканың сыртқы экономикасындағы басты әріптесі екенін атап өткен.