Ресей соты Қазақстан мұнайын айдайтын құбырды тоқтату туралы сот шешімін айыппұлға ауыстырды

Краснодар аймақтық соты Каспий құбыр желісі консорциуымы (КҚК) түсірген апелляциялық шағымды қарап, КҚК жұмысын 30 тәулікке тоқтату туралы Новоросиийск аудандық соты шығарған шешімді бұзды.

Апелляциялық сот КҚК-ға 200 000 рубль айыппұл салды. Сот шешімі күшіне енді.

5 шілдеде Ресейдің Новороссийск қаласындағы аудандық сот Каспий құбыр желісі консорциумының (КҚК) жұмысын 30 тәулікке тоқтатқан. Бұған «консорциумның апат кезінде төгілетін мұнайды жою жоспары жөніндегі құжаттары дұрыс емес» деген уәж айтқан. Олқылықты жоюға берілген мерзім 30 қарашаға дейін белгіленсе де, Ространснадзор Новороссийск сотынан КҚК жұмысын 60 тәулікке тоқтатуды сұраған.

Осыдан кейін Каспий құбыр желісі консорциуымы Новоросийск аудандық сотына КҚК жұмысын тоқтатуды шегере тұру туралы өтініш жолдаған.

Консорциум өкілдерінің айтуынша, «заң бойынша өндіріс процесіне орасан зиян келтіретін шараларға жол беруге болмайды».

«КТК-Р» компаниясы үздіксіз жұмыс істейтін кәсіпорын, оның қызметін дереу тоқтатса, өндіріс процесіне орасан зиян келуі мүмкін, техника нысанында ауыздықтауға келмейтін қолайсыз жағдай пайда болуы ықтимал» деп жазылған КҚК хабарламасында.

Каспий құбыр желісі арқылы тасымалданатын мұнайдың 90 пайызға жуығы – Қазақстаннан келеді және олар түгелге жуығын шикізатпен «Теңіз», «Қашаған», «Қарашығанақ» мұнай жобалары қамтамасыз етіп отыр. Осы құбырмен Ресей мұнай кеніштерінде өндірілген біраз шикізат та тасымалданады.

Ресей Украинаға басып кіріп, Батыс елдері Мәскеуге санкция салғалы бері Қазақстан мұнай экспорттау бойынша алғаш рет шектеуге ілініп отырған жоқ.

Биыл наурызда құбыр консорциумының Ресейдің Новоросийск қаласы түбіндегі теңіз портында мұнай тасымалдайтын екі қондырғысы істен шығып, жұмысын ішінара тоқтатқан. Тек мамырдың соңында қалпына келгені хабарланды. Ресми түсіндіруі бойынша, оған теңіз дауылы себеп болған. Алайда наурыз айында немістің Handelsblatt басылымы зерттеу жариялап, Ресей Қазақстан мұнайының Еуропа нарығына шығуына қасақана бөгет келтірген деген тұжырым жасаған.

Каспий құбыр желісі консорциумының жұмысы тоқтатылатыны жайлы ақпарат шыққаннан кейін 7 шілдеде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мұнай тасымалдауды диверсификациялауды маңызды міндет деп атады. Осыған орай ол Транскаспий бағытын жүзеге асырудың оңтайлы әдісін тауып, екі құбыр желісінің қуатын көбейтуді тапсырған.

Источник

Комментарий (0)
Добавить комментарий