Мәскеу облысы Сергиев-Посадск қалалық соты Тесак лақап атымен танымал ұлтшыл Максим Марцинкевичтің алты жақтасын жиырма жыл бұрын бірнеше мигрантты өлтіргені үшін кінәлі деп таныды.
Тергеу нұсқасы бойынша, 2003 жылы ультраоңшыл көзқарастағы Марцинкевич, Семён Токмаков және Андрей Кайль екі мигрантты Смоленск облысына Тесак отбасына тиесілі үйге алдап жұмысқа шақырған. Сол жерде олар жұмысшылардың бірін балталап, екіншісін қылқындырып өлтірген. Олардың денелерін сол жерге көмген.
Кейін Токмаков, Кайль, Алексей Гудилин, Александр Лысенков, Максим Хотулев және Павел Хрулёв тағы екі мигрантты өлтіріп, олардың басын кесіп алып, денелерін қараусыз қалған турбазаға лақтырып кеткен. Олар қылмысты видеоға түсіріп, интернетке жариялаған. Екі мигранттың басын Мәскеу қаласының Гольяново ауданындағы көшеге тастап кеткен.
Тергеу Марцинкевичті қылмыстық ұйымдастырушы деп есептейді. Қылмыстық іс соның айтқандары негізінде дайындалған. Алайда Тесактың өзі 2020 жылғы күзде Челябинскідегі тергеу изоляторында өлген. Оны тағы бірнеше қылмыстық іс бойынша тергеу керек болған.
Ресми мәлімет бойынша, өмірлік түрме жазасын алғысы келмеген Марцинкевич өз-өзіне қол жұмсаған. Тесактың туыстары болса оны әдейі өлтірді деп есептейді. Оның істі болған жақтастары да солай дейді. «Медиазона» басылымының жазуынша, тергеу кезінде олар да кінәсін мойындаған, бірақ сот басталған уақытта одан бас тартып, тағылған айыптарды жоққа шығарып отыр.