Ресей түрмесінде отырған қырғыз азаматы Украинадағы соғыста опат болды

Ресей түрмесінде қамауда болған 30 жастағы қырғыз азаматы Аян Әлішеров 2022 жылы 24 қарашада Бахмут түбіндегі шайқаста опат болды. Туыстары марқұмның Ресей азаматы емес екенін айтады.

Қырғызстан азаматы Аян Әлішеровтің сүйегі туған ауылы Рахманжанға 22 қаңтарда жеткізілді. Ертесінде марқұмды ауыл-аймақ соңғы сапарға шығарып салды.

2019 жылы Әлішеров «адам ұрлау» және «бопсалау» күдігімен Мәскеуде ұсталған. Анасы Рахатай Әбдуәлиева Азаттықтың Қырғыз қызметіне Ресейде түрмеде отырған ұлының Украинадағы соғысқа қалай тап болғаны жұмбақ күйде қалғанын айтты.

«Ұлымды жалған айып бойынша түрмеге отырғызды. Сот процесіне қатыстым. Соңғы отырыста ол кінәсіздігін айтып, өзін ақтауды сұрады. Бірақ оны жеті жылға соттады. Ол Мордовиядағы түрмеде жазасын өтеп жатқан. Біз үнемі телефонмен сөйлесіп тұратынбыз. 2 қазанда маған хабарласып, Қырғызстанға оралатынын, жарты жылдан соң бостандыққа шығатынын, үйленетінін айтқан. Сол кезде уайымдамасын деп соғыс туралы маған айтпаған сияқты. Оның Украинағы соғысқа қалай барғаны түсініксіз. Мен Мәскеуге соны анықтау үшін келдім» деді Әбдуәлиева.

Ресейдегі Қырғызстан азаматтарының сот процестерінде аудармашы болып жүрген Салтанат Митиева «Супер Инфо» газетіне 2022 жылы маусымда Аян Әлішеровті экстрадициялау туралы шешім қабылданғанын хабарлаған. Алайда шешім орындалмаған.

«Ресей түрмесінде отырғандарды ешкім күштеп соғысқа аттандыра алмайды. Бәлкім, жас жігітке «соғысқа барсаң, ертерек босатамыз» деп алдап, уәде берген болуы мүмкін» деді Митиева.

Азаттық Қырғызстан бас прокуратурасына Аян Әлішеровтің экстрадициясына байланысты сұрау салды. Алайда ведомствоның бас хатшысы Сирожиддин Камолидинов жеке тұлға туралы ақпарат журналистерге берілмейді, тек туыстарына ғана айтылады деді.

Қырғызстан жоғарғы сотының сайтында Аян Әлішеровті экстрадициялау ісі қаралатыны жазылғанмен істің қаралғаны-қаралмағаны, қабылданған шешім жөнінде мәлімет жазылмаған.

Осылайша Ресей түрмесінде отырған 30 жастағы Аян Әлішеровтің Украинадағы соғысқа қалай тап болғаны жұмбақ күйінде қалды.

Туыстарымен телефон арқылы сөйлескен кезде Аян өзі отырған түрмеге «Вагнер» жекеменшік компаниясының өкілдері келгенін айтқан. Алайда Әлішеров әскери компанияға қосылу ниеті туралы тіс жармаған. Бұдан соң одан хабар үзілген. Оның былтыр 24 қарашада Украинада Бахмут түбіндегі шайқаста қаза болғанын туыстары екі айдан соң бір-ақ естіген.

Рахатай Әбдуәлиеваның сөзіне қарағанда, ол ұлымен соңғы рет 2022 жылы қазанда сөйлескен. Ол кезде ұлы өзін Қырғызстан түрмесіне ауыстыратынын айтқан.

«Бұдан соң ұлым хабар-ошарсыз кетті. Онымен байланыса алмай қалдық. Мен оны этаппен әкеле жатыр, жолдағы қалаларға тоқтап, байланысқа шыға алмай қалған болар деп ойлағанмын. Ал 22 қаңтарда оның сүйегін әкелді. Оны табытпен әкелді. Ол ұлыма ұқсас. Бірақ олар ұлыма ұқсас адамның сүйегін әкелген шығар деген ойдан арылар емеспін» деді әйел.

Рахатай Әбдуәлиеваның айтуынша, ұлы Аян Ресейге кетпей тұрып Қырғызстанның Каракөл қаласында әскери бөлімде қызмет атқарған. Қазір ол ұлының Украинадағы соғыста қаза болғаны туралы құжатпен Мәскеудегі органдарға шағымданып, өзін мазалаған сұрақтарға жауап алуға күш салмақ.

Құжатқа сүйенсек, Аян Әлішеров былтыр 24 қарашада Бахмут қаласында қаза тапқан.

Қырғызстан ІІМ Мәскеудегі өкілдігінің мәліметінше, қазір Ресей түрмесінде шамамен 2 мың қырғыз азаматы отыр. 30 пайызы – әйелдер. Ақпаратқа қарағанда, 1001 адам – тергеу изоляторында, 1078 адам абақтыларда отыр. Шамамен бір миллионнан астам қырғыз азаматы Ресейде еңбек етіп жүр.

Былтыр көктемде Ресей армиясы Украина аумағында бірнеше рет жеңіліске ұшыраған соң, «Вагнер» Ресей түрмелеріндегі тұтқындарды соғысқа тартып, Украинаға жібере бастаған. Соғысқа тартумен Владимир Путинге жақын кәсіпкер, «Вагнерді» құрушылардың бірі Евгений Пригожиннің өзі айналысқан. Ол елдегі ондаған түрмені аралап, тұтқындарды соғысқа үгіттеген. Пригожин «Вагнерді» құрғанын 2022 жылы қыркүйекте ғана мойындаған.

27 қаңтарда АҚШ «Вагнерді» трансұлттық қылмыстық ұйым деп танып, Ресейдегі өкілдеріне жаңа санкция салған.

Қырғызстан Қылмыстық кодексі азаматтарына шетелдегі қақтығыстар мен соғыстарға қатысуға, оған адамдарды тартуға тыйым салады. Заң бойынша, азаматтар жалдамалы әскери қызметкер ретінде де қатыса алмайды. Бұған дейін Қырғызстан билігі өз азаматтарын шетелдегі соғысқа қатыспауға үндеген.

12 қаңтарда Қырғызстан ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитеті елде Украинадағы соғысқа қатысты деген күдікпен бір азаматтың ұсталғанын хабарлаған.

Украинадағы соғыста бұған дейін де қырғыз азаматтары опат болған. Осыған дейін Ресей жағында соғысқан екі қырғыз азаматы мен Ресей азаматтығын алған Қырғызстанда туған бірнеше адам туған елінде жерленді.

Қырғызстан сыртқы істер министрлігі Украинадағы соғысқа бейтарап позициясын бірнеше рет қайталаған.

Источник

Комментарий (0)
Добавить комментарий