Ресей тыңшылық жасады деп айыптаған америкалық, The Wall Street Journal журналисі Эван Гершкович 4 сәуірде адвокатымен алғаш рет кездесті. Бұл туралы газеттің бас редакторы Эмма Такер басылым қызметкерлеріне жолдаған хатында жазды, деп хабарлады Reuters.
«Эванның денсаулығы бірқалыпты. Ол әлемнің әр түкпіріндегі қолдаушыларға алғыс айтты», — деп жазды Такер. Журналистің отбасы «онымен байланыс орнағаныны қуанған».
Гершкович адвокаттарының көмегімен өзінің ұсталуына шағым түсірген. Ақ үйдің мәлімдеуінше, әкімшілік журналисті босатуға күш салады.
The Wall Street Journal журналисі Эван Гершковичті 30 наурызда Екатеринбургте ұстады. Кейін Мәскеу соты оны екі ай қамауда ұстау жөнінде шешім шығарды. Гершковичтің үстінен тыңшылық жасады деген айыппен қылмыстық іс қозғалған. Ресей тергеушілерінің мәлімдеуінше, Гершкович АҚШ тапсырмасымен әскери-өндіріс кешендерінің бірінде құпия мәлімет жинаған. Айыптауға қатысты бұдан басқа мәлімет жоқ. Журналист 12 жылдан 20 жылға дейін сотталуы мүмкін.
Гершкович мүддесін қорғайтын адвокат Даниил Берманды сот ғимаратына кіргізбеді.
Эван Гершкович алты жылға жуық уақыттан бері Мәскеуде тұрады, Ресей мен Украинадағы оқиғалар туралы материалдарын америкалық The Wall Street Journal газетінде жариялайды.
Гершкович Ресей азаматтарының соғысқа көзқарасы мен «Вагнер» жекеменшік әскери компаниясы туралы жазған.
The Wall Street Journal мен АҚШ басшылығы журналиске тағылған айыптарды жоққа шығарып, оны тез арада босатуды талап етіп отыр.